Тәуелсіздік жылдары Атырау облысына 31 трлн теңге инвестиция тартылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары Атырау облысында 687 млн тонна мұнай және 308 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Тәуелсіздік жылдары бүкіл елімізбен бірге Атырау өңірі де қарқынды дамып, жасампаздық қуаты еселеп артты. Облысымыздың дамуын айқындайтын негізгі салалардың барлығында тың серпіліс болып, биік межелерге қол жеткізілді. Отыз жыл ішінде 179 білім беру нысаны, 90 денсаулық сақтау мекемесі, 37 спорт нысаны және 31 мәдениет нысаны мен 11,8 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды»,-деді
Оның айтуынша, тәуелсіздік кезеңінде өңірдегі өндіріс өнімінің көлемі 600 миллион теңгеден 7,7 трлн теңгеге дейін өскен. 31 трлн теңге инвестиция тартылып, 687 млн тонна мұнай және 308 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілген.
«Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары облыста 2 200 шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөнделді. Облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілуі 12%-дан 99,7%-ға дейін, орталықтандырылған сумен жабдықтау 35%-дан 99,3%-ға дейін өсті.
Осы кезеңде облыс халқының саны бір жарым есе артып, таяудағы санақтың қорытындысы бойынша 665 мың адамға жетті», - деді аймақ әкімі.