Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Тарихтың ащы тағылымын ұрпақ жадынан шығаруға болмайды

2020 жылдың 31 мамыр 2020 10:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат.

Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанды «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып барып әзер жеткені - бұл зұлматтың қаншалықты қасыретті болғанын көрсетуде.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүзжылдықта жүріп өткен сүрлеуіне жаңаша баға берілуде.

Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңестер Одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды. Қанды қасап кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді.

Олардың қатарында кәрістер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар.

Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.

Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті.

1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 31-мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленген болатын. Осынау нәубет жылдары ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс. Сондықтан да, бұл атаулы күнге орай бірқатар тұлғалардан пікір сұраған едік.


Олжас Сүлейменов

ақын, ҚР Еңбек Ері

Әуелі әңгіме жазудан бастадым. Студенттік жылдарымда балалар және жастар газеттерінде жарияланып жүрдім. Геология факультетін бітіргеннен кейін Горький атындағы әдебиет институтының қазақ тілінен орыс тіліне аудармашылар дайындайтын тобына оқуға түстім. Прозаны да, өлеңді де аудардым: кәсіби әдебиетші барлық жанрды да игеруі тиіс. Лекциялық курстар есімде жоқ. Жадымда кейбір сәттер ғана сақталыпты.

Жиырмадан кейін өмірлік жоспарыңды ретке келтіргің келеді. Балаң шақтағы «Мен – кіммін?» деген сұраққа жауап «біз кімбіздің» негізіндегі білімімізге саяды екен. Мен өзінің «мен» фундаменті туралы басын қатырудың қажеті жоқтарға аса қызғанышпен қарадым: тарихтың қара топырағы мың жылдық тереңінен зор дүмпумен аспанға атқан өмір бәйтерегі бар олардың. Ондай достарым қалың, бұтақтардың арасында алқызыл алмадай боп тұра алады.

...Мен өзім үшін қазақтардың тарихын қалыптастыра бастадым. Ең әуелі жуықта ғана өткендердің ізіне түстім. Ленин кітапханасын игере жүріп белгісіз беттерді іздестірдім.

1926 жылғы санақ бойынша: қазақтар Кеңес Одағындағы «түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең ірісі – 6 млн. 200 мың адам». 1939 жылы екі миллиондай ғана қалыпты. Осы сандардан өне бойым мұздай боп қалтырап кетті. Аз ұлт атану бақыты үшін осынша құн төлеген басқа қандай халық бар екен? Өзін осындай күйге түсіру үшін қандай жуас, қандай бейшаралықта болу керек!..


Доган Йылдыз

«Kazakistan.kz» жаңалықтар сайтының редакторы

Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарында қоңыр тірлік кешкен түбі бір туысқан қазақ халқына келген кесапат ашаршылық тақырыбы кеңінен жазылады. Түркия журналисі ретінде ондағы орталық ақпарат құралдарында осы бір аза тұту күні туралы баспасөзге шыққан материалдардың ортақ мазмұнымен қазақстандық оқырмандарды таныстырып өтейін.

Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасып, Түркі өркениетінің бесігі саналған Қазақстанда ХХ жүзжылдықтың бірінші жартысында алапат аштық болған еді. Қазірдің өзінде саналы адам сол қисапсыз қырғынның ізін анық аңғара алады. Жиырмасыншы ғасырдың басы – қазақ халқына сұрапыл зұлмат төнген кезең. Қазақ өлкесінде ашаршылық қаупі бірінші дүниежүзілік соғыс басталған тұстан былай қарай, негiзгi еңбек күшi еркектердiң басты бөлiгi майданға шақырылғаннан кейін, 1917 жылы болған төңкерістер мен азаматтық соғыстың лебімен келген еді. Жығылғанға жұдырық демекші, сол кезде 307 өнеркәсіп орнының 250-і істен шығып, жабылып қалған. Осы оқиғалар көшпелі қазақтың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығына кері әсер етіп, орталықтың солақай саясатының кесірінен мал басы күрт азайған болатын.

Қазақ өлкесін күштеп ұжымдастыру мен жеткілікті дайындығы жоқ көшпелі халықты отырықшыландыруға бағытталған сұрқия саясаттың кесапаты үлкен зұлматқа ұласты.

Адамзат тарихында табиғи апаттар мен құрғақшылықтың теріс әсерімен қатар адам қолымен жасалып, адам баласы себепші болған қырғындарды ұмыту әсте мүмкін емес.

-Голощекин қырғыны («Кіші Қазан» революциясы)

1932-1933 жж КСРО-ны жалмаған ашаршылықта ең көп жапа шеккен Қазақстан мен Украина болды. Тамаққа талғажау таппай қырылған халықтың статистикасына үңілер болсақ, қазақ ұлысының 38%-ы ашаршылық кезінде жер жастанған. Бұл кесапаттың 1,5 миллион мен 4 миллион арасында жанды жалмағаны жазылады. Кеңес үкіметі кезінде ашаршылық жайлы зерттеу жүргізбек түгілі тіс жаруға тыйым салынғандықтан, бұл тақырып жайлы нақтысы осы деген көрсеткіштерге 1987 жылы профессор, ғылым докторы Талас Омарбеков жүргізген архив зерттеулерінен кейін ғана көзіміз жетті. Қазақстандағы сол кездегі ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы басқармасына қарасты статистикалық деректерді зерттеген профессор Омарбеков 2 миллион 230 мың 300 кісінің бұл қырғында құрбан болғанын мәлімдеді.

Бұл көрсеткіш сол кездегі халық санының 49%-ын құрайды. Танымал жазушы Смағұл Елубаевтың есептеуінше, осынау зұлмат кезең болмағанда, 1897 жылы Патшалық Ресей жүргізген санақ кезінде 4 миллион 84 мың кісіні құраған қазақтың саны 1990-шы жылдары 32 миллионнан асып жығылар еді, ал шынтуайтында сол кезде әлемдегі бар қазақты қосқанда 10 миллионға жетпейтін. Ашаршылықтан кейін қазақ халқы өз елінде үстемдігін жоғалтып, аз ұлттардың біріне айналды да қалды.

Зұлматқа апарған кезең 1925-тің қыркүйегінде Сталин тарапынан Қазақстанның Комунистік партиясының бірінші хатшысы қызметіне тағайындалған Филиипп Голощёкин Қазан төнкерісінің бай-бағландардың мал-мүлкін мемлекет меншігіне өткізумен басталатынын жариялады. 40 миллионнан астам малы бар елде 146 мың бас түлік мемлекет есебіне өтті. Бұл көрсеткіш аз секілді көрінгенмен, бұл бастама халыққа жағымсыз әсер етті. Халық арасында кеңес үкіметіне деген сенім сейіле бастады. 1929-дың қарашасында Сталин жариялаған «Ұлы бетбұрыс» деген мақаласында дала қазағын ұжымдастырып, колхоздарға жұмылдыруы көзделді. 1929 жылдың 6-шы қарашасында Қазақстан Комунистік партиясының отырысында қазақ халқын отырықшыландыру туралы қаулы қабылданды. Көшпелі өмір салтын ұстанатын 708 мың қазақ отбасынан 84 мың жанұя отырықшылыққа көшірілетін болды. Ұлттық салт-сана мен өмір сүру дағдысынан ажыратуды көздеген бұл бастама қазақ халқының социалистік жүйеге бейімделуін жылдамдатпақшы болған.

1930-1933 жылдары аралығы – қазақ халқының дәстүрлі көшпелі өмір салты келмеске кеткен сәт. 1930 жылдың көктемінде Қазақстанда бар төрт түліктің жартысы қырылып қалды. Ал көшпелі халықтың социализмге бейімделуі адам және мал шығынысыз болмайды дегенге иманындай сенетін Голощекин болып жатқан қырғынға саусақ ұшын да қимылдатпады. Кеңес үкіметінің өз билігін әрі де жүргізу үшін шығарған жаңа заңдары дәстүрлі мал шаруашылығының түбіне жетіп, 36 миллионға жуық мал арам қатты. Егістік жері мен жан бағып отырған малынан айырылған қазақтардың бір бөлігі ел ішінде тұрақ ауыстырған болса, енді бір бөлігінің шекара асып Қытай, Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан мен Қырғызстанға, тіпті Ресейге және оның Сібір секілді аймағына босуына тура келді. Мал бағу және егін егу мүмкіндігінен ажыраған қазақтар қолдан жасалған ашаршылық пен атынан ат үркитін түрлі аурудың құрығына түсті. Әсіресе осы кезде бала өлімі артты.

Орталық Азияның шексіз кең аспаны мен шетсіз даласында ат ойнатып, салиқалы салт-дәстүрін ту еткен, ымыра-ауызбіршілік ішінде күн кешкен қазақ халқы Сталиннің ұжымдастыру саясаты аясында ашық және жаға астынан жүргізілген этноцидке тап болды.

Адам баласы табиғи жолмен келген апатқа төтеп бере алады, ал қайсібір үкімет пен билік иелелері тарапынан құйтырқылықпен әдейі жасалған зұлымдықты ешқашан ұмытпайды.


Ғарифолла Есім

Академик, философия ғылымдарының докторы


Қазақ халқы үшін қасапханаға айналған совет өкіметінің тұсында қуғын көріп, азап лагерлерінде өмірін өткізбеген Алашшыл, елшіл, ұлтшыл зиялы қазақ баласы жоқтың қасы. Қызыл өкіметтің құқайын көрген жанның бірі - абайтанудың асқан білгірі әрі негізін қалаушы ғалым Қайым Мұхаммедханов. Абай әлемін қазақ ғылымына әкелген және Абай мектебін түп-тұқиянына дейін зерттеп, орасан зор ғылыми мұра қалдырған - Қайым Мұхаммедханов Алайда, Мұхаммедханов мұрасының мұрты бұзылған жоқ. Зерттеушісін күткен зерделі еңбек пен өксікке толы өмір жолының ащы шындығы әлі айтылған жоқ.

Мәдениет пен ғылым құндылықтары - Тәуелсіз мемлекеттің рухани негізі болып табылады. Тарихтың ашылуы және оның сталиндік репрессия жылдарында қиямет-қайым күреспен сақталып қалуы - бүгінгі қоғамның олжасы. Қайым Мұхаммедханов өмірін, бостандығын, отбасын құрбан етіп, физикалық және моралдық тұрғыдан НКВД мен Карлаг лагерінің жан төзгісіз қинауы мен азабын басынан өткерсе де, марксизм-ленинизм бірден-бір мектеп ретінде мойындалған заманда Абай мектебін сақтап қалды.

Қазіргі қоғамға рухы биік, адамгершілігі мен парасаты жоғары азаматтық, адами, ғылыми ерлік жасаған азаматтардың үлгілі ісі ауадай қажет.

Қайым Мұхаммедхановтың әкесі - Мұхаммедхан Сейітқұлов 1937 жылы атылған. Оның Семейдегі үйі «Алашорда» қайраткерлерінің әрі сол кездегі мәдени, әдеби қауымның жиналатын ортасы болған.

Қ.Мұхаммедхановтың мұрағатында 636 бет қолжазба сақталған. Бұл өзі жинаған Абай шәкірттерінің шығармалары.


Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы силығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді.

1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Қазақ КСР Гимнінің авторы Қайым Мұхамедханов сол кездің өзінде елдің басты әнұранына өрелі де өсиетті, рухты сөздерді жазды:

Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.

Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,
Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер.

Расында да, ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ жұрты зұлмат жылдардан аман шықты. Тоқсан үшінші жылы Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 31 мамыр арнайы еске алу күні болып белгіленді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл - тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.


Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы


Абай айналасына үлгі шашып, сәуле түсіріп отырған. Заманында Абайдың айналасында жүріп, өнегесін көрген белгілі ақындар көп. Бұл турасында Қайым Мұхаммедханов ақсақал арнайы зерттеу де жасаған. «Абайдан соңғы ақындар» кемеңгердің ыңғайымен бағдар алып, бағыт тауып отырғаны белгілі…

Ұлы ойшыл Абайдың ең үміт күткен баласы Әбіш еді. Бірақ ғұмыры қысқа болғаны баршаңызға белгілі. Бұл қаза Абайға өте ауыр соқты. «Кешегі өткен ер Әбіш» деп күңіренді.

Сол үлкен қазаның үстінде хакім:

«Жаңа жылдың басшысы ол,

Мен ескінің арты едім.

Қайғы деген ащы сол,

Сүйекке тиді қарт едім», – деп толғанады. Иә, Жаңа жылдың басшысы Әбіштер еді. Бірақ жалғыз Әбіш қана ма? Данышпан Абайдың өзі айтқан «Кім жаман болса замандасы кінәлі». Енді мұның келесі жағы бар. Егер жақсы болса...

Әбіштің замандастары Әлихандар мен Ахметтер еді. Қара ормандай қаулап келе жатқан Алаш қозғалысының боздақтары болатын. Олар қазақтың «Қайта өрлеу» дәуірін туғызуға келе жатқан тұтас буын. «Жаңа жылдың жаршысы» болған олар қазақтың алғашқы газетін шығарып, тұтас терминологиясын қалыптастырды. Қазақ ғылымы тұтастай сол Алаш қозғалысы тұсында қалыпқа түсті. Қазақтың әдебиет теориясы, лингвистикасы, тұтастай жаратылыстық ғылымы, шығыстану, тұтас академиялық ғылымының саласында Алаш арыстары тұр. Қазақтың алғашқы партиясын құрып, Еуропалық үлгідегі жаңа мемлекеттің іргесін қалаған да солар…

Ендігі міндет – Алашты әлемге Абай арқылы таныту, жаңа ғасырдағы Қазақстанның, жас ұрпақтың кескін-келбетін, бағыт-бағдарын Абай мұрасы мен өнегесінің негізінде қалыптастыру. Бұл жолда тұтас қоғам бірігіп, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істеуі керек деген ойдамыз. Өйткені біз осы арқылы өз болашағымыздың, ел келешегінің керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктей түсеміз.

Айгүл Исмақова

Философия ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым

Қазіргі кезде жастарға аға ұрпақ біз үшін не істеп кетті деген сұраққа байланған жастарға үлгі болатын Тұлғалар туралы мағлұматтар қажет ақ. Осы ретте мен дәрістерімде үлгі ретінде Абай феодалшыл деген жаладан Абайды қорғап, Алаш Аманатын бізге Абай Жолы романымен сақтап қалған Мұхтар Әуезов пен осындай Ұстазға адал Шәкірт бола білген, Ұстазын сатпаған Қайым Мұхаммедханның азаматтығын еске саламын.

Алаштың ұрпағы - ол кезде жас әдебиетші Қайым Мұхаммедханның тоталитарлық соцреалистік кезде Абайдың шәкірттері мен Абайдың ақындық айналасы бар деген зерттеуді қорғап шыққаны - жас Ғалым мен оның отбасы үшін хауыпты қатер болғанын бүгінгілер біле бермейді.

Диссертация қорғалған бетте жап жас Қайым Мұхаммедхан 25 жылға сотталып Карлагқа айдалды. Топты бала шағасы да бұл қатердің зардабын шекті. Бірақ тектінің ұрпағы Ұстазын сатпады, мен өзім таңдаған тақырып деп тұрып алды! Мұхтар Әуезов ресми қуғынға ұшырап Мәскеуді паналап аман есен қалды. Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген Абай - Қазақтың Бас Ақыны екенін советтік кезде Елінің есіне салып қою үшін Мұхтар Әуезовтың адал шәкірті бола білген Қайым Мұхаммедхан осындай ерлікке бас тіккенін бүгінгі біздер есте сақтауымыз керек деп санаймын. Біз осындай абыройлы істер атқарғандардың ұрпағымыз! Біз осындай Ірілердің - Ар мен Ұятты басты еткен зиялылардың ізбасары екенімізді ұмытуға хақымыз жоқ!


Автор Махат Садық


Автор Махат Садық
Басты сөздер: Қоғам, Қазақстан тарихы,
Жоғары қарай