Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тарихшылар ашаршылық кезеңін шынайы құжат негізінде объективті зерттеуі керек - Еркін Әбіл

2021 жылдың 19 ақпан 2021 11:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылған мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашаршылық кезеңіне қатысты құжат көп. Олардың кейбірі архивтерде болса, кейбірі басылым беттерінде жарияланған. Соған қарамастан біз осы күнге дейін ашаршылықтың нақты себептері мен салдары туралы айта алмаймыз, айту үшін әлі де қосымша көп зерттеу жұмысы жүргізілуі керек», - дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл.

Оның айтуынша, ашаршылық мәселесі қазақ үшін ғана емес, сол кезеңде Қазақстан жерін мекендеген басқа ұлт өкілдері үшін де – үлкен трагедия.

«Соған қарамастан тарихшылар мен зерттеушілер эмоцияны қалдырып, осы оқиғаларды объективті, шынайы құжаттарды негізге ала отырып зерттеуі керек. Жалпы «Ашаршылыққа саяси баға беру керек» деп айтып жүргендер бар. Біз оған қалай саяси баға бере аламыз? Қазіргі уақыттағы Қазақстан Республикасы Совет одағының қателіктері мен қылмыстарына жауапты бола алмайды. Бүгінгі коммунистер де бір ғасыр бұрынғы большевиктердің қытеліктері мен қылмыстарына жауапты емес», - дейді ол.

Ол ашаршылық жылдары Ресейде де бірнеше миллион адам өлгенін айтты.

«1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезеңінде Ресейдің өзінде бірнеше миллион адам қаза тапқан. Әрине, бұған кінәлі адамдар бар. Лениннен бастап «Большевик» партиясы, сонымен бірге сол саясаттың жүзеге асуына ықпал еткен жергілікті белсенділер кінәлі. Осы мәселелерді дұрыстап зерттеу керек. Біз ашаршылық құрбандары кімдер екенін жақсы білмейміз. Қазақстанда осы мәселені зерттеген 5-6 ғалым болды, бірақ аймақта қандай оқиғалар болғанын біз толық білмейміз. Ең алдымен, тарихшыларға зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек. Олар архивтерді ақтаруы қажет, ол – үлкен жұмыс, сондықтан оларға қаражат бөлінуі тиіс. Зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қорытынды шығарып, одан кейін ғана саяси баға беруге болады», - дейді тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл.


Жоғары қарай