Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тарихшы: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды соңына дейін жеткізу керек

2020 жылдың 30 мамыр 2020 13:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырған еді. Осы орайда Strategy2050.kz тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның бастамаға қатысты пікірін білген еді.

Тарихшының айтуынша, осыдан бір-екі ай бұрын 20-ға жуық ғалым ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары әлі де көптігін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

«Бір-екі ай бұрын 20 шақты ғалым әлі де ақталмаған адамдардың көптігін айтып, ел Президентіне хат жаздық. Бүгін шешім шығарып, комиссия құруға тапсырма бергені қуантады. Мемлекеттік комиссияның алдында өте қиын жұмыстар тұр. Репрессияға ұшыраған миллиондаған тағдырды ақтау үшін деректер жинау қажет. Мәселен, олар өздері ғана емес, олардың әйелдері, балалары да қуғынға ұшырады. Сол кезде кеткен адамдардың тізімін жасап, шамамен санын келтіріп, категорияларға бөліп, анықтау керек. Кезінде милицияның үкімі шыққан қағаздар жойылып отырды. Адамның құқығын таптау ғой бұл. Отбасынан айырылды, дүние-мүлкі тәркіленді. Комиссияның жұмысы оңай болмасы анық. Өйткені көпшілігі жөнінде ақпарат, құжат жоқтың қасы. Мәселен, шетелге кеткен қазақтардың біразы атылды, қырылды. Оларды табу қиын болуы мүмкін», - деді профессор.

Сонымен қатар тарихшының сөзіне сүйенсек, кезінде ақталғандардың көпшілігі көзге түскендері ғана. Ал енді құрылатын мемлекеттік комиссияның мақсаты – қарапайым жұмысшы-шаруа қазақтарды ақтау болып отыр.

«1990 жылы академик Қозыбаев бастаған комиссия жұмыс істеді. Бірақ ол кезде сот пен прокуратура тек қағазда бар адамдарды ғана ақтаймыз деген болатын. Ал мыңдаған, бәлкім миллиондаған азаматтар, мәселен, Талдықорған, Алматы, ШҚО-дан шетел асып кеткендері бар. Олар ақталған жоқ. Соттың шешімімен емес, милицияның үкімімен қудаланғандар көп болды. Елдің түкпір-түкпірінен бай-кулактартардың малы тәркіленіп, қуылып, жер аударылды. Көпшілігі отбасымен Сібірге айдалды. Кезінде ақталған қазақтың көпшілігі көзге түскендері ғана. Олар да бірден ақталған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін біразын ақтауды қолға алдық, бірақ өкінішке орай аяқталмай қалды. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Қарапайым қудаланғандардың 90 пайызы - қарапайым жұмысшылар мен шаруалар. Осыларды ақтауымыз керек», - деді Бүркітбай Аяған.

Оның сөзінше, айдалғандардың ішінде әйел, бала-шағада аз болмаған. «Халық жауы» деп сотталғандардың көпшілігіне сот шешімі де шықпаған.

«Халық жауы» деген желеумен сотталғандардың әйелдеріне сот шешімі шыққан жоқ, тек милицияның үкімімен сотталып кетті. Мүлдем сот болған жоқ, не прокуратура тексерген емес. Қанішірлер жиналып, «халық жауы» деп өздерін, ал балаларын әртүрлі балалар үйіне айдап жіберді. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың үш қызы үш жаққа кеткен. Сондықтан саяси тұрғыдан қарап, комиссия шешім шығару керек бұл туралы«, - деп түйіндеді тарихшы.


Жоғары қарай