Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Тарихи жетістік: Қазақстандық каратэші алғаш рет Олимпиада жолдамасына ие болды

2020 жылдың 19 ақпан 2020 10:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Каратэден Қазақстан командасының мүшесі Дархан Асаділов 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлағандай, 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесінде сынға түсетін Дархан Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын лицензия ұтып алды.

«Төртжылдық додасына іріктеу кезеңінің аяқталуына әлі үш айдай уақыт пен бірнеше ірі жарыстың барына қарамастан, Д.Асаділов Токио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін иеленіп отыр. Себебі, олимпиадалық рейтингтің көш басында келе жатқан Дарханды жақын арада ешкім қуып жете алмайды. Бұл туралы Дубайда өткен финалдық кезеңнен кейін белгілі болды», - делінген хабарламада.

Іріктеу кезеңінің ережесіне сәйкес, рейтингте алғашқы екі орынды иеленген спортшылар тікелей Токио Олимпиадасына лицензия алады. Дархан Асаділов өткен жылы басталған іріктеу бәсекелерінің басым көпшілігінде жеңіске жеткен.

Атап айтар болсақ, Қазақстан командасының үздігі 11 премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңіске жеткен. Осылайша, ол жүзден аса елден қатысқан 600 спортшының ішінен көш бастап отыр. Асаділов 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесіндегі олимпиадалық рейтинг тізгінін өткен жылдың шілдесінен бері ешкімге ұстатпаған.

Қазіргі сәтте Дарханның еншісінде 9817.5 ұпай бар. Ал оның ізін басып келе жатқан италиялық Анджело Кречензода - 7350, түркиялық Самдан Ерайда 6772.5 ұпай бар. Іріктеу кезеңіндегі қалған турнирлер Дархан үшін сәтсіз аяқталғанның өзінде, қарсыластардың қуып жетуі неғайбыл. Өйткені, Асаділов басты қарсыластарынан қара үзіп кеткен.

Каратэнің Олимпиада бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отырғанын ескерсек, Дарханның бұл жетістігі тарихта қалатыны сөзсіз.

Айта кетелік, әзірге Қазақстан қоржынында спорттың 15 түрінен 29 жолдама бар.


Жоғары қарай