Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тараздағы темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді

2020 жылдың 28 қыркүйек 2020 06:33

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы»ҰК» акционерлік қоғамы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа облыс орталығындағы теміржол вокзалының бас ғимаратын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жоспарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жолаушылар платформасы мен вокзал маңындағы аумақтар ретке келтірілмек.

Теміржол вокзалы 1986 жылы салынған. Аумағы 2,5 мың шаршы метрден асатын вокзал ғимаратына соңғы күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген. Биыл ҚТЖ бас ғимараттың қасбетін, ішкі жайларын және жолаушылар терминалын қайта жаңартуды жоспарлап отыр.

Компания өкілдері Бердібек Сапарбаевқа әзірленген күрделі жөндеу жобасын таныстырды. ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Серік Әбденовтің айтуынша, бірінші кезекте жолаушылар үшін жағдай жақсара түспек.

«Вокзалдың іші өте тар, оны кеңейту керек. Бұл мәселені шешу үшін біз түрлі нұсқаларды қарастырдық. Артық дүңгіршектер алынып, билет кассалары вокзал ғимаратының қалаға қараған жағынан орнатылады. Қарама-қарсы жағында тек перронға қарайтын витраждар болады. Сонымен қатар, ғимараттың қасбетін де жаңарту жоспарлануда. Қаптауға арналған тиісті материалдар таңдалып, заманауи дизайн үлгүісі әзірленген. Сондай-ақ, жолаушылар терминалы, қонақ үй, асхана орналасқан екінші қабаттағы үй-жайлар да жөндеуден өтеді»,-деді ол.

Өңір басшысы жобаны мақұлдап, вокзалға келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

«Қыста вокзал ғимараты қатты суық болады. Терезе жақтауларын қаптап, жылу жүйесін ауыстыру қажет. Сонымен қатар, нысанның инженерлік желілері де ауыстыруды қажет етеді», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

ҚТЖ өкілдері бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілетіндігіне сендірді. Алдағы жөндеуді жоспарлау кезінде мамандар су құбыры, кәріз және жылу жүйелеріндегі мәселелер мен ақауларды анықтаған. Қоғамдық дәретханадағы сантехника да ауыстырылмақ.

«Бұл шығындардың барлығы қазірдің өзінде жобалық-сметалық құнына енгізілген», - деді ҚТЖ өкілі Александр Ким.

Бердібек Сапарбаев вокзал аумағын тиісті формаға келтіру қажеттілігіне назар аударды. Оның пікірінше, барлық нысандардың стилі мен тұжырымдамасы бірдей болуы керек. Бұл әсіресе қазіргі таңда перрондағы әртүрлі платформада орналасқан дүңгіршектерге қатысты.

«Вокзал - кез келген қаланың визит картасы және бет-бейнесі. Сондықтан оның келбеті заманауи және тартымды болуы тиіс, бүкіл сәулет бірыңғай түрге ие болғаны абзал», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Теміржол вокзалы ғимаратын жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Оны одан әрі қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылып жатыр.








Жоғары қарай