Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Таразда «Taraz city» мобильді қосымшасы іске қосылады

2020 жылдың 22 мамыр 2020 05:30

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы орталығында «Тараз – Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша «Taraz city» мобильді қосымшасы іске қосылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде өткен басқосуда «Тараз – Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспарының және облыс орталығындағы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында облыс прокуратурасымен әзірлеген «Taraz city» мобильді қосымшасының жобасы талқыланды. Олар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде тұрғындардың өз шағымдары мен сұрақтарына дер кезінде жауап алуына, қала өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік бермек.

«Тараз - қауіпсіз қала» жобасын әзірлеушілер оны іске асыру қаладағы моральдық-адамгершілік ахуалды жақсартып, қылмыстық көріністерді барынша азайтуға көмектеседі деп есептейді. Отырысқа қатысушылар ұсынылған жобаны құптады.

Өз кезегінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров барлық құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдар шектеу шаралары кезінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуге және күнделікті тіршілікті қалыптастырудың келесі кезеңдеріне бағытталуы тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, пандемия салдарына қарсы күреске бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеру, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету және экономиканы көтеру үшін бизнес-секторды қолдау мәселелері басымдық ие болып отыр.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі жастарды қоғамдық пайдалы іс-шараларға белсенді түрде тарту керектігін тілге тиек етті. Бұл орайда студенттік құрылыс жасақтары мен халықтың ерікті топтарына айрықша көңіл бөлудің маңыздылығы айтылды. Жастар қарап отырмауы тиіс. Осы ретте көптеген мәдени және спорттық нысандар олардың игілігіне жарауы қажет.

«Біз жастардың салауатты өмір салтын ұстануын, білімге ұмтылуын, өзедерінің біліктілігі мен мәдениеттілігін арттыруын, қылмыстық әрекеттерге немесе жаман әдеттерге бой ұрмауын қамтамасыз етуіміз керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.



Жоғары қарай