Ауа райы
Астана -29 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда пандемия салдарынан қоғамдық көлік қызметі 46 пайызға қысқарған

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 19:19

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Пандемия салдарынан Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің қызметі 46 пайызға кеміген,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Таразда 230 автобус тек 29 бағыт бойынша күнделікті қызмет көрсетеді. Ал, бұған дейінгі тұрақты кезеңде 42 бағыт бойынша 425 автобус жолаушыларды тасымалдаумен айналысып келген.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында Жамбыл облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтты.

Сала басшысының сөзінше, карантин кесірінен қаладағы 10 тасымалдаушы мекеме қаржылай қиындық көріп отыр. Сондықтан бүгінде жергілікті бюджеттен тасымалдаушыларға субсидия беру шарасы қарастырылып жатқанын айтты.

«Пандемия басталғалы оқу орындары мен балабақша қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Соның салдарынан қалада жолаушылар ағымы 2-есеге дейін төмендеген. Ал автобус саны азайғандықтан кешкі рейстерді орындамау деректері тіркеліп отыр»,-деді Б.Жәнібеков.

Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл 28 қыркүйектен бастап енгізілген электронды билеттің қаншалықты сұранысқа ие екенін атап өтті.

«Көлік карталарын сататын қаладағы 15 сату бекетінде алғашқы кездегідей ұзын-сонар кезек жоқ. Қалада 106 563 бірыңғай, 22 149 оқушы карталары сатылды. Ал қазір сатылымда 26 837 бірыңғай, 24 851 оқушы картасы бар. Бүгінде 14 600 бірыңғай картасына тапсырыс бердік», — деді спикер.

Жоғары қарай