Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда Мұз айдыны салынады

2020 жылдың 30 қазан 2020 10:15

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында шаһар шырайын арттыратын көптеген жобалар жүзеге асуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаланың барлық бөліктерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жақында Қарасу массивінде «Денсаулық» паркі ашылады. Салауатты өмір салтын сүйетіндер үшін саябақта бірнеше спорт алаңдары (футбол, баскетбол, теннис), жүгіру жолағы, веложол, жаттығу аймақтары, ойын алаңдары ашылады. Жаяу жүретін жерге заманауи жарықдиодты шамдар, беседкалар мен ағаштар отырғызылады.

Денсаулық саябағында дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған мәдени-спорттық шаралар өткізу жолға қойылады.

Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ маңынан «Анаға тағзым» орталығы салынуда. Онда әйелдер түрлі курстарға қатыса алады, жаңа мамандық алып, құқықтық және психологиялық көмекке жүгіне алады. Ғимараттың алдында аналардың құрметіне арналып ескерткіш орнатылады.





Сондай-ақ, «Ұлан» стадионын қайта құру жұмыстары басталды. Бүгінде құрылысшылар орындықтар мен футбол алаңын ауыстыруда. Стадион әкімшілігі орналасқан ғимараттардың қасбеті де ретке келтірілуде. Құрылыс басқармасының ұсынысы бойынша спорт секциялары ұйымдастырылатын екі қабатты жаңа ғимарат салынуда.

«Мамыр тоғайы» аймағында да ауқымды қайта құру жұмыстары жоспарлануда.

Ал, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қалпына келтірудің екінші кезеңі бойынша қолға алынған жұмыстар аяқталуға жақын. Онда ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панель, аймақтың тарихи нысандарының макеттері, жағажай, жасанды сарқырама салынуда.

Келесі жылдың көктемінде Тараз қаласындағы мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының орнында «Оқушылар сарайы» ашылады. Қазіргі уақытта орталық ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде.





«Қолданыстағы үйірмелерден басқа, кеме, ұшақ модельдеу, робототехника, IT орталығы, планетарий, обсерватория клубтары жұмыс істейді. Біз осы жердің атмосферасының өзі балаларды шығармашылыққа шабыттандыратындай жағдай жасауға тырысамыз», - дейді облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.

2021 жылы облыс орталығында бірқатар жаңа нысандар мен құрылыстар атқарылады десек, олардың қатарында Жастар орталығы, Шығармашылық үйі, теннис корттары, жеңіл атлетика манежі және Мұз айдыны аренасы бар.

«Спорттық нысандар әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін халықаралық стандарттарға сәйкес салынады», - деп қосты А.Әбдешов.

Жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен туристер ағыны арта түседі деп күтілуде.





«Біздің мақсатымыз – Таразды және оның айналасын шетелдік қонақтар үшін тартымды ету. «Әулие-Ата» әуежайының жанындағы аумақ және қала айналасындағы аймақтар да тиісінше қалыпқа келтірілуде. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық нысандар бірыңғай стиль мен тұжырымдамаға сәйкестендіріледі.

Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштің жанында этноауыл пайда болады. Қалаға келген туристер біздің шаһардың бұрынғы және қазіргі келбеті өзара үндесіп тұрғандығын бірден сезінуі тиіс, - дейді А.Әбдешов.

Қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы Тараздың негізгі көшелерін түбегейлі өзгерту жоспарын қарастыруда.

















Автор Сая Сембай
Басты сөздер: Спорт, Жамбыл облысы, Құрылыс,
Жоғары қарай