Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда қоғамдық орында санитарлық талапты бұзғандарға ескерту жасалды

2020 жылдың 4 желтоқсан 2020 00:56

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы қоғамдық көлік, дүкендер мен кафелерге рейд жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһар тұрғындарына санитарлық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев бастаған түсіндіру тобы кешкілік рейдке шығып, аялдамалар мен қала ішіндегі автобустардағы жағдайды зерделеді.

Ішіне шамадан тыс адам толтырып алған қоғамдық көлік жүргізушілері мен маска тақпаған жолаушыларға сақтық шараларын ұстану жөнінде ескерту жасалды.

«Жыл басынан бері Тараз қаласында 1990 адам індет жұқтырды. Жағдай біршама тұрақтанғанымен, қараша айында індеттің өршуі қатты байқалып отыр. Коронавирус ауруының салдарынан соңғы екі аптада шаһарымыздың 11 тұрғыны көз жұмды. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханада 104 адам жатса, 51 тұрғын үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Індет жұқтырғандардың дені жасы елуден асқандар. Олар вирус қалай, қайдан жұққанын тап басып айта алмай отыр. Айтуларынша, науқастар ауырмай тұрып шақырған жиын-тойлардан қалмаған. Сондықтан да біз адамдар тамақтанатын және жиі шоғырланатын басқа да орындарға, қоғамдық көліктерге рейд жасап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені сақтық шараларына қатаң мән бермесек, ертеңгі күні опық жеп қалуымыз мүмкін», – дейді Тараз қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Рита Алтынбасова.

Жалпы рейд барысында «Дәмдес» супермаркеті секілді ірі сауда орындары мен өзге де дүкен-дүңгіршіктердегі, «DISKOVERY», «Изюм» дәмді палау» сынды бірқатар тамақтану орындарындарына да зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Даяшы не сатушылары тұтынушыларға медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жатқан немесе ішінде тұтынушылары маскасыз жүрген, дене қызуын өлшейтін құрылғысы жоқ нысан әкімшісіне ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар сақтану шаралары жазылған парақшалар таратылды.

«Қаламызда күн санап коронавируспен ауырғандар саны артып жатыр. Ең басты мәселе — азаматтарымыздың денсаулығы. Сондықтан Тараз қаласында 12 мобильді топ адам көп жиналатын жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Мейрамханалар мен ас ішетін орталықтарда көптеген азаматтар жиналып отырады. Егер 1 адам ауыратын болса, сол жердегі барлық адамға жұқтырады. Сондықтан осы мәселені қолға алып, тексеру жұмыстарын күшейтіп жатырмыз», - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.








Жоғары қарай