Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда азық-түлік бағасын 4 мобильдік топ тексереді

2020 жылдың 20 қараша 2020 02:14

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласының 12 ірі сауда орындарындағы бағаларды мониторингілеу бойынша 4 мобильдік топ құрылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемиясы кезінде тұрғындарға салмақ салынбау үшін бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу маңызды. Осы мақсатта Тараз қаласының негізгі 12 ірі сауда орындарында бағаларды мониторингілейтін 4 мобильдік топ жасақталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов айтып берді.

Спикер алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларына тоқталды.

«Бидай бағасының тұрақсыздығы кейбір азық бағасының өзгеруіне әсер етуде. Бағалардың көтерілуін болдырмау үшін бұрынғыдай бидайдың мемлекеттік қорын жинақтау жолын қарастыру қажет»,-деді Жандос Жақыпов.

Спикердің сөзінше, бір жыл ішінде қарақұмық бағасы 33 пайызға, өсімдік майы 13,9 пайызға, сәбіз 14,9 пайызға, картоп 16,1 пайызға және сары май 11,5 пайызға өскендігі байқалған. Осылай мұндай өнімдердің жылдық өсім динамикасы инфляцияға ұшыраған. Ал, өткен аптада тауық жұмыртқасы 2,1 пайызға, күбағыс майы 1,9 пайызға, қырыққабат 1,2 пайызға көтерілген.

Тауар бағаларының қымбаттауына бидайдан бөлек сыртқы нарықтағы күнбағыс дәнінің, қырыққабаттың, тауық жұмыртқасының импорты әсер еткен.

«Облыс орталығында 12 сауда орнында ашылған арнайы әлеуметтік сөрелерде азық-түлік төмен бағада саудалануда. Бұдан бөлек 7 әлеуметтік дүңгіршектің қызметі тұрақты түрде жүруде. Онда жыл басынан 954,3 тонна болатын жалпы саны 11 әлеуметтік тауар түрі нарық бағасынын 8-20 пайызға төмен бағада сатылған. Ал, бүгінде облыстағы тұрақтандыру қорының қоймасында 2273,6 тонна әлеуметтік азық-түлік тауарлары бар»,-дейді Ж.Жақыпов.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының есебінде 837,3 млн. теңге қаражат бар десек, оның 154 млн. теңгесін қараша айынан бастап айналымға қосып, сауда желілері мен тауар өндірушілерге несие ретінде берілуде екен.


Жоғары қарай