Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таңғы шықта жалаңаяқ жүргізу – баланы шынықтырудың ең тиімді жолы

2021 жылдың 14 маусым 2021 07:26

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының санитарлық дәрігерлері баланың жазғы демалысын тиімді және денсаулыққа пайдалы ұйымдастыруға қатысты бірқатар кеңесін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, жазғы каникул – бар мүмкіндікті пайдаланып, балаларды сауықтырудың ең қолайлы уақыты.

Мектеп кезінде баланың қимыл-қозғалысы әдетегіден 50%-ға кемиді. Сондықтан, жазда балалар таза ауада мүмкіндігінше ұзағырақ болғаны дұрыс. Серуен, ойын, дене шынықтыру жаттығулары – ең жақсы демалыс.

Жазда баланың ояну және ұйықтау уақыттары оқу жылы мерзіміндей немесе сәл-пәл ғана ауытқуы мүмкін.

«Баланың тамақ рационында көкөністер мен жемістер, сүт және ет тағамдары жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Жаз – дәрумендер тапшылығының орнын толықтыруға ең қолайлы мерзім. Ең болмаса 1 айға балаңызды жазғы сауықтыру орындарында, созылмалы аурулары бар балаларды шипажай жағдайында сауықтырған тиімді», - дейді санитар дәрігерлер.

Мамандардың бірнеше ұсынысы да бар:

1) Жазғы демалысты балалармен бірге жоспарлаңыз. Серуен, ойын, шынықтыру мен спорт жаттығулары таза ауада болуы керектігін есте сақтаңыз! Баланы компьютерден алыс ұстаңыз, тіпті болмағанда компьютермен ойнау уақытын қысқартыңыз. 5 жасқа дейінгі балалар - 7 минуттан, 6 жастағы балалар - 10 минуттан, бастауыш сыныптың оқушылары - 20 минуттан артық компьютерде отырмауы керек.

2) Баланың денсаулығын нығайтуға қолжетімді және тиімді шынықтыру құралдарын – күн, ауа және суды молынан қолданыңыз. Күн – ол жылылық, жақсы көңіл-күй, денсаулық. Алайда, күн сәулесін мөлшерден артық алуға болмайды. Күн өткеннен бас айналып, тынымсызданып күйгелектену, тыныс алу және жүрек-қан тамырлар жүйесі бұзылуы мүмкін. Балаларға ашық күн астында әдейі қыздырынуға болмайды. Олардың көбі суға шомылып, су жағасында құмда ойнағанды ұнатады. Бұл – шынықтырудың ең тиімді жолы.

3) Саяжайда немесе ауылда демалсаңыз, баланы таңғы шыққа жалаңаяқ жүгіртіңіз. Шықтың әсерінен табанның тамырларымен бірге кеңсірік маңы тамырлары тарылып, кеңейеді. Осының нәтижесінде қан айналым күшейіп, ауру қоздырғыш вирустар мен бактерияларға берік тосқауыл қояды. Шықта жалаңаяқ жүру майтабандылықтың да алдын алады.

«Сөз соңында ата-аналарға айтарымыз, қарапайым гигиеналық ережені сақтаңыздар! Сонда ғана демалыс балаңыздың денсаулығын нығайтады және түзетеді», - дейді санитар дәрігерлер.


фото: https://ru.freepik.com/
Жоғары қарай