Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 414.46
EUR 451.35
RUB 5.77
CNY 58.12

Талдықорғанда төтенше жағдайды пайдаланып, пайда таппақ болған күдікті ұсталды

2020 жылдың 4 сәуір 2020 11:05

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорған полицейлері төтенше жағдайды пайдаланып, сатушыларды алдап, алаяқтықпен пайда таппақ болған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда оның осыған ұқсас бірнеше дерекке қатысы бары дәлелденді. Жәбірленушілердің тізімі әлі де артуы мүмкін. Талдықорған қаласының ПБ кезекші бөліміне қаладағы сауда орталықтарында сатушы болып қызмет еткен төрт азаматша бейтаныс ер адамның төмен бағамен азық-түлік ұсынып, олардан ақша сомасын алғаннан кейін жасырынғаны туралы арызданған. Барлық деректер ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес СДТБТ-да тіркелді.

«Күдіктіні жәбірленушілер бірден таныды. Көксу ауданының 41 жастағы тұрғыны коронавирустық індеттің таралуына байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы қауесетті пайдаланып, өзінде жоқ болса да, күнбағыс майы мен қантты арзан бағамен өзгелерге ұсынған. Сатушылардан алдап алған ақшаны ол өз қажетіне жұмсаған», - деді Талдықорған қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция майоры Дархан Қазақбеков.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция күдіктінің дәл осындай іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарға жақын жердегі полиция бөлімшесіне баруын немесе 102 арнасы бойынша, сондай-ақ 60-80-67; 60-80-66 телефондары арқылы хабарласуын сұрайды.


Жоғары қарай