Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Талдықорғанда бүлік кезінде жарақат алған 30-ға жуық адам ауруханада емделіп жатыр

2022 жылдың 12 қаңтар 2022 18:56

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы емдеу мекемелерінде әртүрлі дене жарақатын алған 30-ға жуық тұрғын ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арасында лаңкестердің оғына ұшқандар да бар. Жалпы бүлік басталғалы ауруханаларға 130-дан аса адам түскен. Басым бөлігі үйіне қайтарылды.

Еркебұлан Толыбаев 8 қаңтарда отбасымен үйіне қайтып келе жатқан кезде лаңкестерге тап болған. 7-8 адам көлігіне оқ боратқан тұста кері бұрылып қаша жөнелген.

Өзіне де, әйелі мен қызына да оқ тиген. Жедел жәрдем мен дәрігерлердің ширек қимылдауының арқасында бәрі де аман қалды.

Талдықорған көпсалалық және облыстық ауруханаларда барлығы 30-ға жуық адам ем қабылдап жатыр.

Ал қақтығыстардан кейін 150-ге жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Көбінің жарақаты жеңіл болғандықтан үйіне қайтарылды.

Жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың беті бері қарады.

«20-ға жуық адам әртүрлі жағдаймен келіп түсті. Бәріне шұғыл көмек берілген. Дер кезінде операция жасалып, уақытымен жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетілді»,- деді Талдықорған қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жұмахан Молдақұлов.

Емдеу мекемелеріне барар жолға блокпостар қойылған.

Ал ауруханалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәжік-ауған қақтығысына қатысқан ардагерлер атсалысып жатыр.


Жоғары қарай