Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Талдықорғанда 55 эко-автобус пайдалануға берілді

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 22:12

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда жаңа эко-автобустар пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс орталығының Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығы аясында айтулы шара өтті. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылды.

«Жетісу» ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынады. Олар тасымалдаушыларға 7 жылға лизингке беріледі (жылдық 4% - бен). Оның 32-сі қала тұрғындарына пайдалануға берілді.

Мереке қарсаңында орталық алаңда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Ютонг» маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын-тапсыру салтанаты шарасы орын алды.

Қалған 23 автобус (14 ПАЗ және 9 «Ютонг») жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді.




«Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары-8,5 метр, жолаушылар сыйымдылығы 55-тен 67 орынға дейін қарастырылған. Онда бейнебақылау, кондиционерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды отырғызу - түсіру үшін қайырмалы платформалар көзделген. Сондай-ақ, электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Жалпы алғанда, автобустар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең, оларда мүгедектер арбасына арналған орындар да бар. Алғашқы автобустар жолаушылар ағыны ең көп маршруттарға жіберіледі. Ал олардың қаншалықты жайлы және ыңғайлы екенін Сіздер, құрметті талдықорғандықтар, өз беттеріңізбен бағалай аласыздар», - деді аймақ басшысы Амандық Баталов.




Сондай-ақ, облыс әкімі автожолдарды жөндеу және қалалық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасатынын айтты.

Сатып алынған автобустарға жанармай құю үшін қалада автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы салынып, іске қосылды. Айта кетейік, жаңа автобустарда жүру тарифі өзгеріссіз қалады.


Жоғары қарай