Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Тағайындаулар: 70 пайызға өзгерген Үкіметке кімдер мүше

2019 жылдың 3 наурыз 2019 09:05

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отставкаға кеткен Үкіметтің орнына жаңа Министрлер кабинеті осы аптада толықтай жасақталып бітті. Үкімет 70 пайызға жаңарып, жаңа Мемлекеттік хатшы қызметіне кірісті. Екі облыстың әкімі ауысты. ҚазАқпарат апта ішінде осы және өзге де тағайындауларды оқырмандарының назарына ұсынады.

Сонымен Мемлекеттік хатшы қызметіне келген Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын ЖОО оқытушысы болып бастаған, кәсіпкерлікпен де біраз шұғылданған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Павлодар облысының әкімі ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, Экономикалық даму және сауда министрі, «Нұр-Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі сынды лауазымды қызметтер атқарған. 2016 жылдан еліміздің Үкіметін басқарды.

Ал Үкімет басшысы қызметіне келген Мамин Асқар Ұзақбайұлы

Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген. Астана әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі болды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарды. 2016 жылдан тағайындауға шейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі қызметіне Смайылов Әлихан Асханұлы тағайындалды. 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген ол ҚазҰУ-ды, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтынын бітірген. ҚР Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы, ҚР Президентінің көмекшісі болған. Соңғы қызметі - еліміздің Қаржы министрі.

Үкімет басшысының келесі орынбасары Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы 1975 жылы дүниеге келген. ҚазБСҚА, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, жауапты хатшысы, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған.

Бұған дейін еліміздің Мемлекеттік хатшысы лауазымындағы Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы Премьер-Министрдің орынбасары қызметіне келді.

Ол 1965 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, жауапты хатшы министр, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарған еді.

Ұлттық банк төрағасы қызметіне келген Ерболат Досаев

1970 жылы Алматы қаласында туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Бірқатар банкте жұмыс істеген. ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, министр, Денсаулық сақтау министрі, Экономикалық даму және сауда министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Ұлттық экономика министрі болған. 2017 жылғы тамыздан бүгінге дейін вице-премьер қызметін атқарып келді.

Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының Өкімімен Сүлейменов Тимур Мұратұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары болды.

Тимур Мұратұлы Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде туған. Павлодар мемлекеттік университетін, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Мэриленд университетін бітірген. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Экономикалық даму және сауда вице-министрі, Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі)​​ болды. Жаңа тағайындауға дейін Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.

ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы болып Дархан Кәлетаев тағайындалды.

1972 жылы 10 қазанда дүниеге келген Дархан Аманұлы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Саясаттану ғылымдарының докторы. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болған. Соңғы қызметі - Қоғамдық даму министрі.

Айта кетерлігі, еліміздің Конституциясына сәйкес Президент тікелей тағайындайтын Үкімет мүшелері де бар. Яғни, Елбасының Жарлығымен тағайындалған ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үшін бұл жолғы Үкімет отставкасының еш қатысы жоқ десек те болады. Ал Министрлер кабинетінің қалған мүшелері Үкімет басшысының ұсынысымен және Парламент депутаттарының келісімімен тағайындалады. Бұл орайда бұрынғы Үкімет мүшелерінің ішінен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметтерін сақтап қалғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қоғамдық даму министрлігі қосылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрылған болатын. Бұл қызметте бұрынғы Ақпарат министрі Дәурен Абаев қалды. Мұнан бөлек, атауы өзгерген Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің де бұрынғы басшысы Асқар Жұмағалиев орнында қалды.

Ал енді жаңа министрлерге тоқталсақ, осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне келді.

Бердібек Машбекұлы 1953 жылғы 9 ақпанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген. Алматы Халық шаруашылығы институтын бітірген. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімі болған. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарған еді.

Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалған Күләш Шәмшидинова 1958 жылғы 4 наурызда бұрынғы Талдықорған облысының Көксу ауданының Бесқайнар ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Білім және ғылым вице-министрі, «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық білім және сауықтыру орталығының бас директоры болған. 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарған.

Ұлттық экономика министрі қызметіне осы уақытқа дейін бірінші вице-министр болған Дәленов Руслан Ерболатұлы келді.

1975 жылғы 8 ақпанда дүние келген ол Ыстанбұлдың Мармара университетін бітірген. ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінде жетекші маманнан бастап, басқарма бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. Жеке секторда да жұмыс істеген. Кейіннен Қаржы вице-министрі, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болған.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі болған Роман Скляр ведомствоның басшылығына жоғарылады. Ол Павлодар монтаж техникумын, Павлодар мемлекеттік университетін, Мәскеу қазіргі заман бизнес институтын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Әр жылдары Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласындағы энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры, Павлодар облысы әкімнің орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар вице-министрі, «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ вице-президенті болған.

Өңірлерге келсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып Оңдасын Оразалин тағайындалды.

Оңдасын Сейілұлы 1963 жылы туған. Ақтөбе педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын ЖОО-да оқытушылықтан бастап, кейіннен Ақтөбе облысы әкімдігінде жұмыс істеген. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған. ҚР Президенті Әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқарған. Соңғы қызметі - ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ҚР Президенті Жарлығымен Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.

Ол 1964 жылдың 12 наурызында Түркістан қаласында дүниеге келген. Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын және аспирантурасын бітірген. ҚР Экономика министрі, Экономика және сауда министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласының әкімі болған. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының Төрағасы қызметтерін атқарған. Жаңа тағайындауға дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келген.

Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, филология ғылымының кандидаты, профессор. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. ҚР Президенті протоколының жетекшісі - ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Білім және ғылым министрі, Ресей Федерациясындағы, Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызмет атқарды. 2016 жылғы 6 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының өткен жылы 20 маусымда қайта құрылған Түркістан облысына әкім болып тағайындалған еді.

Ал бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Ақышев Данияр Талғатұлы ҚР Президентінің кеңесшісі қызметіне келді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мадияр Смәділұлы Меңілбеков Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Мадияр Смәділұлы 1978 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы, Меркі ауданында туған. 2002 жылы Ливияның Триполи қаласындағы Исламға шақыру университетін бітірген, араб тілі және исламтану бакалавры. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің магистратурасын аяқтаған, филология магистрі. 2002-2005 жылдары Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы. 2005-2006 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы. 2006 жылғы сәуірден қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің үшінші хатшысы. 2006-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы. 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы. 2012-2015 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесшісі. 2015-2017 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесші-уәкілі. 2017 жылғы сәуірден бастап соңғы тағайындалуға шейін Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулы қызметін атқарған.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау, ҚР Үкіметі,
Жоғары қарай