Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Соттар жұмысы заманауи форматқа келтіріледі

2020 жылдың 4 маусым 2020 12:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «ҚР Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденовтің айтуынша, заң жобасы үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру қамтылды.

«Бұл түзетулер біздің қоғамға, азаматтарға не береді? Соттарға «неге судья істі қарағанда оның ақ-қарасына терең үңілмейді», «неге тек ұсынылған дәлелдерді қанағаттандырып, шешім шығарады» деген сын айтылады. Осыған себеп - қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің талабы. Осы орайда судьяның қолы байлаулы. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар, яғни судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту. Әділ шешім қабылдау үшін ол дауды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсініп, анықтауы қажет. Бұл дегеніміз, судья процестік жағынан еркін болуы қажет. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы қажет. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан осы тәжірибені пайдаланбақпыз», - деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Заң жобасының негізгі міндеттері: соттардың азаматтық істерді шешу, процестің жарыспалылығы қағидаттарын ұстану тәсілдерін өзгерту;

азаматтық сот ісін жүргізуде татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту;

артық процестік әрекеттер мен сот актілерін қысқарту;

сот ісін жүргізуде электрондық сервистер мен техникалық құралдарды қолдануды кеңейтуді қамтамасыз ету.

Заң жобасында соттың күрделі емес мәселелерді тараптарды шақырусыз қарауымен байланысты процестік әрекеттерді оңтайландыруға бағытталған нормалар қамтылған. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі істерді электрондық форматта қарау ұсынылады.

Заң жобасы сондай-ақ электрондық хаттамаға, процеске қашықтан қатысуға, процеске қатысушылардың электрондық гаджеттерді және басқа техникалық құралдарды пайдалануына қатысты басқа жаңалықтарды да қарастырады.

Ұсынылып отырған Заң жобасы азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдардың құқығын, бостандығын және міндеттерін қозғайды, процестік әрекеттерді оңтайландыруға, процестік үнемді арттыруға және артық процестік әрекеттер мен шығындарды болдырмауға бағытталған, сондай-ақ сот ісін жүргізудің конституциялық қағидаттарын дамытады.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Парламент, Сот, Сенат,
Жоғары қарай