Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Солтүстік Қазақстанда жазасын өтеушілер 300 мың маска тікті

2020 жылдың 14 шілде 2020 21:03

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеушілер жеке қорғаныш заттарын тігіп, күш құрылымдарын 300 мыңдай маскамен қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елде карантин басталысымен өңірдегі түзету мекемелерінде жеке қорғаныш заттарын тігу жолға қойылды. Қазір маска және қорғаныш киімдерді тігумен ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 20 ер адам және ЕС-164/6 әйелдер колониясынан 110 жазасын өтеуші айналысады.

«Елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін маскаға сұраныс артты. Солтүстікқазақстандық жазасын өтеушілер тіккен қорғаныш бұйымдарын күш құрылымдары қолданып жүр. Бұдан басқа 700 қорғаныш костюмін әзірледік», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Карантин басталғалы жазасын өтеушілер 300 мыңдай, соның жартысы бір реттік қолданылатын маска тіккен.

«Қазіргідей қиын жағдайда адамдар бір-біріне көмектесуі қажет. Біз бір реттік және көп рет пайдалануға болатын маска тігеміз. Пайдаға жарап, қауіпті инфекциямен күреске аз да болса үлесімізді қосып жатырмыз», - дейді жазасын өтеушілердің бірі.


Жоғары қарай