Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Қазақстан облысында 272 дәрігер жетіспейді

2021 жылдың 1 қазан 2021 17:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 272 дәрігер жетіспейді. Олардың ішінде жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, психиатрлар және сәулелік диагностика дәрігерлері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы жанындағы ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысына денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов қатысып, медицина кадрлардың тапшылығын азайту бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты. Өңірде педиатрларға, акушер-гинекологтарға және дәрігер-зертханашыларға қажеттілік бар. Сонымен қатар, 102 орта медициналық қызметкер жетіспейді.

«2021 жылғы 9 шілдедегі жағдай бойынша 1,5 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы 27 дәрігерге 40,5 млн теңге сомасында тағайындалды. Биыл 128 жас дәрігер келеді деп отырмыз. Оның ішінде 56 маман ауылдық жерлерге, 72 маман қалаға барады. Облыстық бюджет қаражаты есебінен білім алған 24 резидент келуі керек. Қалған резиденттер оқуын аяқтап, 2022 жылы және 2023 жылы жұмысқа кіріседі», - деді Құмар Күсемісов.

⠀Бүгінде облыста мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жергілікті бюджет есебінен бөлінген 155,4 млн теңгеге 10 жоғары медициналық оқу орнында 113 резидент оқиды. Резиденттер оқу бітіргеннен кейін 5 жыл өңірде жұмыс істеуге міндетті. Олардың арасында кардиологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, офтальмологтар, оториноларингологтар, акушер-гинекологтар, неврологтар және басқа да көптеген мамандар бар. Қазір өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында 1 342 дәрігер және 5 022 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.


Жоғары қарай