Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

Солтүстік Еуропадағы тарихи саябақта Димаштың атындағы ағаш пайда болды

2020 жылдың 28 мамыр 2020 08:19

ТАЛЛИН. ҚазАқпарат – Эстонияның Таллин қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің құрметіне көшет отырғызылып, жанына естелік белгі қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews сайтына сілтеме жасап.

Гүлдеп тұрған тал Солтүстік Еуропадағы әсем де тарихи саябақтардың бірі саналатын Кадриорг саябағындағы аллеяда отырғызылды. Шараны қазақстандық әншінің Эстониядағы «Dimash Estonian Dears» фан-клубы ұйымдастырды.

Эстониялық жанкүйерлер 2018 жылы Димаштың Лондондағы концертіне барғаннан кейін, 2019 жылдың наурызында «Dimash Estonian Dears» фан-клубын құрды.

«Әншінің туған күніне бір ай қалғанда эстониялық Dears Димашқа қандай сыйлық жасау керектігін ойластыра бастады. Олар сыйлықтың ерекше болуын әрі өмір бойына сақталуын қалады. Фан-клубтың негізін қалаушылардың бірі Улле Круусе танымал тұлғалар есімдерімен аталған аллеяда орналасқан әйгілі Кадриорг саябағында қызмет етеді екен. Фан-клуб әкімшілігі көп ойланбай, Димашқа арнап тал отырғызу керек деп шешкен. Ерекше әрі есте қаларлық сыйлық», - делінген сайтта.

Димаштың атындағы тал сәуір айында отырғызылды. Ал белгі әншінің туған күні қарсаңында орнатылды. Онда «Димаш Құдайберген. Әлемдегі ең тамаша дауыс. Эстониялық достар 2020» деп жазылған.

Белгінің ашылуына Қазақстанның Эстониядағы елшісі Нұрлан Сейтімов қатысты.

Еске сала кетсек, 24 мамырда Димаш 26 жасқа толды. Әлемнің бірнеше еліндегі жанкүйерлер оған түрлі құттықтаулар жолдады.

Ал қытайлық фанаттар әншінің құрметіне шөл далаға 3 мың ағаш отырғызды.

Сонымен бірге, Димаш Instagram парақшасында жанкүйерлерімен қауышып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Бұдан бөлек, оның туған күні құрметіне Dimash Manga (Manga D’R’S’) жаңа ресми жоба таныстырылды. Manga D’R’S’ — бұл ерекше және қызықты сюжеті бар жапон комикстері (манга) жанрындағы шығармалар циклі. Комиксті әлемнің 7 тілінде электронды немесе баспа түрінде арнайы сайттан сатып алуға болады. Оқиға желісі 2019 жылдың 10 желтоқсанында Димаштың Нью-Йорктегі концертінен бастау алады. Manga D’R’S’ шамамен 1 шілдеде сатылымға шыға бастайды.















Жоғары қарай