Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО тұрғынының коллекциясында 90-ға жуық өрт сөндіру көлігінің кішірейтілген нұсқасы  бар

2022 жылдың 15 қаңтар 2022 20:49

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны өрт сөндіру көліктерінің 90-ға жуық кішірейтілген нұсқасын жинаған. Оның коллекциясында жергілікті шеберлердің қолынан шыққан машиналар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық қорғаныс полковнигі Дмитрий Растихиннің коллекциясы кәдесый дүкенінен сатып алынған өрт сөндіру машинасымен басталған екен. 2016 жылы жол түсіп Санкт-Петербор қаласына барған өрт сөндірушінің көзіне ойыншық оттай басылады. Оны ұлына деп сыйлыққа сатып әкеледі. Кейін оған біртіндеп жаңа түрлері – автоцистерналар, автосаты, жедел автомобильдер, арнайы жабдықтары бар машиналар қосыла бастайды.

Өрт сөндірушінің айтуынша, коллекциясындағы құнды модельдердің бірі - петропавлдық шебер Юрий Родионов жасаған жылжымалы өрт сөндіру су қоймасының дәл көшірмесі. Мұның әлемде теңдесі жоқ. Өйткені бұл бірегей өрт сөндіру көлігі соңғы уақытқа дейін Қазақстанда жалғыз болды.

«Өрт сөндіру ісі ғасырлар бойы дамып келеді, сондықтан арнайы техниканың көптеген түрі бар. Мәселен 2000 жылдардың басында өрт сөндірушілер КАМАЗ базасындағы вакуумды өрт сөндіру автомобилін қайта жасап, оған сыйымдылығы 10 тонна 2 өрт цистернасын және секундына 40 литр су соратын қуатты сорғыны орнатты. Ол кезде мұндай сыйымдылықтағы машиналар болған жоқ. Бұл техника әсіресе көп су қажет ететін ауқымды өрттерде қолданылады. «Өрт сөндірушілер оқиға орнына сусыз келеді» деген бос сөз. Өйткені су бірнеше минут ішінде бітіп, цистернаны қайта толтыру қажет. Ал өрт кезінде әр секунд қымбат. «ППВ – 10» қазір де сапта, өрт сөндіру кезінде қолданылып келеді», - дейді Дмитрий Растихин.

Өрт сөндірушіге коллекциясындағы әр машина қымбат. Оның біреуін интернет арқылы тапсырыс беріп алдырса, енді бірін оның хоббиі туралы білетін достары сыйлаған. Германиядан жолдасы арнайы әкелген ойыншық та бар.

«Менің топтамамда балабақша тәрбиеленушілері 3D принтерімен басып шығарған өрт сөндіруші көлігі бар. Біз балабақшалармен жақсы байланыс орнатқанбыз. Мектепке дейінгі мекемелердің балаларымен профилактикалық әңгімелер, викториналар, өртке қарсы ойындар өткізіледі. Шектеулі сериямен шыққан және меншікті реттік нөмірі бар көліктердің модельдері де топтамамда сақталған», - дейді Петропавл тұрғыны.

Дмитрий Растихин өрт сөндіру саласында 17 жыл еңбек етіп келеді. Ол қарапайым инспектордан СҚО ТЖ департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығына дейін өсті. Бірнеше рет өртке шығып, тілсіз жаумен күресті.


Жоғары қарай