Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 380.19
EUR 419.01
RUB 6.08
CNY 54.81

СҚО тұрғыны суға бата жаздаған екі баланы құтқарып қалды

2019 жылдың 6 қараша 2019 23:45

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Воскресеновка ауылының тұрғыны Владимир Воробьев суға батып бара жатқан екі баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мал жайлап жүрген ауыл тұрғыны Владимир Воробьев көл жақтан көмекке шақырып шыңғырған бала даусын естиді. Бәрін тастай сала жүгірген ер адам көлдің бетінде, жағадан 15 метрдей жерде, мұз үстінде тұрған көршінің қызын байқайды. Ал одан бірер метр жерде ойылған мұзды суда екі баланың жанталасып жатқанын көреді.

Ойланбастан мұз үстіне шыққан ол балаларға қарай жүгіре жөнеледі.

«Судың беті әлі дұрыс қатып үлгермеген, мұз салмағымды көтермей бірден ойылып кетті. Жарып отырып, балаларға жеттім. Оларды су бетінде курткалары ұстап тұрды. Мен Женя мен Леняны қатты ұстап алдым», - деп еске алды ауыл тұрғыны.

Тереңдігі шамамен 3 метрге жететін көлден екі баламен шығу оңай болмапты.

«Оларды кезекпен табаным жерге тигенше жолдағы мұзға лақтыруға тура келді. Жарып отырып, жағаға алып шыққанда бізді әйелім Татьяна күтіп тұрды. Ол менің айқайымды естіп, үйде жүрген қалпы жалаңаяқ атып шығыпты. Балаларды үйге апарып, шешіндіріп, ысқылап жылытып, әке-шешелеріне қоңырау шалды», - дейді Владимир Алексеевич.

Татьяна Владимировнаның айтуынша, балалар қатты шошыған, жарты сағат бойы анық сөйлей алмапты. Балаларды тыныштандырғанша олардың ата-аналары да келіп жетеді. Болған оқиғадан үрейі ұшқан олар екі баласын аман алып қалған Воробьевтарға алғыстарын жаудырды.

35 жастағы Воробьевтардың өздерінің 11 айлық, 1,5 және 3 жасар үш баласы бар екен. Зардап шеккен балаларды: 8 жастағы Евгенийді де, 10 жастағы Леонидті де кішкентайынан жақсы біледі. Әке-шешелерімен араласып тұрады.

Құтқарушылар Владимир Воробьевтің бұл ісін ерлікке балайды. Олардың айтуынша, ауыл тұрғыны көмекке келмегенде осыдан 18 жыл бұрын болған қайғылы оқиға қайталануы мүмкін еді. 2001 жылы 3 қараша күні Жамбыл ауданындағы Суаткөл көлінде мұз жарылып кетіп, ойнап жүрген 8 бен 13 жастағы 5 бала қаза тапқан еді.

Жоғары қарай