Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО тұрғыны қару ұстау құқығынан үш жылға айрылды

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 08:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, қаруды сақтау ережелерін бұзуға қатысты 10 хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақжар ауданындағы Киевское ауылының тұрғыны қаруын қорасында сақтап келген. Ер адам биылдыққа осымен екінші рет қару сақтау ережесін бұзып отыр. Учаскелік инспектор мамыр айында оның арнайы сейфте мылтығымен бірге басқа да бөгде заттарды сақтағанын анықтаған.

Сол жолы әкімшілік құқық бұзушылық фактісі жөнінде хаттама толтырылып, қару уақытша сақтауға алынды. Енді ауыл тұрғыны үш жыл бойы қаруын пайдалана алмайды. Бір жыл ішінде екі құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ол қару сақтау және алып жүру құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, Ақжар ауданында полицейлер қаруын автокөліктің жүк салғышына салып жүрген көрші ауданның тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол Талшық ауылына келіп, аңшы мылтығын көлігіне тастайды. Түнде ауылдың мас тұрғыны көлікті айдап мініп кеткен. Алысқа ұзай алмай, жол-көлік оқиғасын жасап, шетелдік көлікті тастап кетіп отырған. Ал қару жүксалғышта қараусыз жатқан.

Екі күннің ішінде қару сақтау ережелерін бұзуға байланысты 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 8 солтүстікқазақстандық қайта тіркеу мерзімдерін бұзған.

«Қару иелері қауіпсіздікті сақтауға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мылтық дұрыс сақталмаса әр түрлі жағдайларға, оның ішінде апатқа да әкелуі мүмкін. Сондықтан учаскелік полиция инспекторлары қаруды сақтау ережелері мен заңда белгіленген басқа да талаптардың сақталуын қатаң бақылауға міндетті», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.


Жоғары қарай