Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО тұрғындарының табысы республикамен салыстырғанда 30% төмен

2019 жылдың 4 шілде 2019 05:35

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен тұрғындардың табысын арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс тобы бірнеше бағытты қамтыған: көлеңкелі экономикамен күрес, солтүстікқазақстандықтардың табысын арттыру, «конверттегі жалақыны» жою, еңбек саласында бақылауды күшейту және сауда нысандарын цифрландыру. Бұл шаралар еңбекақы қорының және салық базасының өсуіне алып келмек.

«Облыста тұрғындардың табысы республикамен салыстырғанда 30% төмен. Бізге кәсіпорындардың жүйелі түрде еңбекақыны өсіруіне жағдай жасау міндеті тұр. Талдау көрсеткендей, жеке сектордың жетекшілері тапқан табысты өндіріске салып, еңбекақыны өсірудің орнына қаржыны шығындарға қосып қояды. Барлық табыстың 83%, шамамен 403 млрд тг капиталды және басқа да шығындарға жұмсалған. Ал салық пен жалақыға тек 10% қана бағытталған. 8 есе айырмашылық», - деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы сауда орындарында POS терминалдарды орнату жұмысын жандандыруды тапсырды. Облыста 6,5 мың сауда нысаны болса, соның тек 1,5 мыңында ғана картамен есеп айырысуға болады. Ай сайын өңір тұрғындарының картасына 27 млрд теңге түссе, соның 22 млрд теңгесі банкоматтардан шешіліп алынады екен. Ақшасыз төлем небары 16% құрайды.

Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов автобустарда электронды билет жүйесін енгізуге де қарқын қосуды тапсырды. Әзірге бір де бір автобуста ақшасыз төлем жасауға болатын қондырғы жоқ. Жақында валидаторлар мен QR код арқылы есеп айырысуға болатын аппараттар орнатыла бастайды. Бұл жұмыстар Петропавлдың таксопарктерінде де қолға алынуы тиіс.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жұмыстың нәтижелері туралы апта сайын баяндап отыруды тапсырды. «Әр апта сайын біз оң өзгерістерді көруіміз керек», - деді әкім.

Жоғары қарай