Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

СҚО сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен аймақтар қатарына енді

2019 жылдың 2 қазан 2019 17:36

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайына мониторинг» әлеуметтік сауалнамасын жүргізді. Бұл жайында СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Ернар Баянғазин өңір басшысы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім етті.




Халықаралық рейтинг агенттігі жүргізген әлеуметтік сауалнамаға СҚО-да 700 адам қатысты. «Ашық диалог» порталына түскен 568 өтініш сараланды.

Ернар Баянғазиннің айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі өңірде «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмейтінін айтса, сұралғандардың 7,1%-ның пікірінше, сыбайлас жемқорлық күнделікті тұрмыста жиі кездеседі, парасыз мәселені шешуге болмайды.

«Сауалнамаға қатысқан Шал ақын, М.Жұмабаев және Айыртау аудандары тұрғындарының 80% мемлекеттік қызметті еш қиындықсыз алуға болатынын айтса, басқа аудандарда жағдай басқаша. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданы мен Петропавл қаласы тұрғындарының 20-25%-ы сыбайлас жемқорлық етек алған деген пікір қалдырды», - дейді ол.

Мұндай сауалнама кәсіпкерлер арасыда да жүргізілді.

«Петропавл қаласы, Аққайың ауданы кәсіпкерлерінің 50% сыбайлас жемқорлықтың кең таралмағанын, алайда пара беру арқылы мемлекеттік органдарда мәселені тез шешуге болатындығын айтса, Жамбыл ауданында сұралғандардың 80%-ы бұл пікірге қосылады», - деді Е.Баянғазин.

Облыс тұрғындарының айтуынша, жер қатынастары бойынша мекемелерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мемлекеттік ауруханалар мен емханаларда және балалар бақшасында пара беріп, мәселені шешу мүмкіндігі бар. Кәсіпкерлердің тізімінде кеден, төтенше жағдайлар департаменті және Шал ақын аудандық әкімдігі жүр.

«Алынған жауаптарды саралай келе, тұрғындар мен кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа баруға итермелейтін негізгі себепті көруге болады. Олар пара беру арқылы өз мәселелерін сөзбұйдалыққа салмай тез шешуді көздейді», - деді өз сөзін қорытындылаған ведомство басшысы.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың пікірінше, республика бойынша өңірде сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмен болуы арқаны кеңге салуға себеп емес.

«Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және «Адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыруда бірігіп іс-әрекет етуіміз қажет», - деді өңір басшысы.

Жоғары қарай