Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО реанимобильдермен 100 % қамтылды

2020 жылдың 27 қараша 2020 19:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының жедел жәрдем қызметіне 20 реанимобиль алынды. Олардың барлығы аудандарға жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аудандары алғаш рет заманауи реанимобильдермен қамтылмақ. Бүгін облысқа жеткізілген 20 жаңа көлік елді мекендерге жіберіледі.

«Жаңа реанимобильдер көліктері аудан орталықтарына беріледі. Бұл -ауылдардағы медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады, жедел жәрдем қызметі мобильді бола түседі. Нәтижесінде ауыл тұрғындары қажетті көмекті дер кезінде, тіпті ауруханаға жетпей жолда да алады. Өйткені бұл көліктер заманауи жарақтандырылған», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Қыркүйек айының соңында дәл осындай 18 реанимобиль Петропавлға алынған болатын. Әлемдік талап бойынша әр он мың тұрғынға бір көліктен келуі тиіс. СҚО-да бұл норма бойынша 55 машина болуы керек. Қазір облыста 59 жедел жәрдем көлігі бар. Яғни өңір реанимобильдермен 100 % қамтылды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов карантиндік шектеулерге қатысты да өз пікірін білдірді.

«Карантиндік шектеулерді қатаңдату өңірдегі эпиджағдайды тұрақтандыруға өз септігін тигізіп жатыр. Қазір сырқаттанғандардың күрт артуы жоқ. Сондай-ақ ауыр халде жатқандар да азайған. Жансақтау бөліміне түсушілер бір деңгейде сақталған. Инфекциялық стационарларда да жағдай тұрақты. Мысалы кеше 34 адам стационарға жатқызылса, 43-і тәуір болып шықты», - дейді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, ауырғандарды анықтау құрылымы өзгерген. Бұрын жұқтырғандардың 60% жіті респираторлық вирустық инфекциямен және пневмониямен келгендердің арасынан анықталып, тек 20% ғана ауырғандармен байланыста болғандардан табылатын. Қазір бұл көрсеткіш 51% жеткен. Яғни тізбекті дер кезінде үзіп, әрі қарай таралуына жол берілмеуде.


Жоғары қарай