Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

СҚО полицейлері коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандарды анықтады

2020 жылдың 26 наурыз 2020 22:12

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тек өткен тәулік ішінде ғана елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жалған ақпарат таратудың екі дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында қауіпті індет жұқтырған адам туралы жалған ақпарат тараған. Аудиохабарламада тіпті науқастың нақты мәліметтері мен тұрғылықты жері туралы да мәліметтер хабарланған. Хабарламада жалған ақпарат берген әйел вирус жұтырған Солтүстік Қазақстан облысы тұрғынының диагнозы расталып, арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын да хабарлаған. Тайынша қаласының 39 жастағы тұрғыны бұл хабарламаны «WhatsApp» мессенджері арқылы құрамында 10-нан астам адамы бар достар тобына жіберген. Топтағылар бұл жалған ақпаратты ары қарай таратып жіберген. Жалған хабарлама бір күн ішінде жүздеген аудан тұрғынына жетіп, жергілікті тұрғындар арасында үрей туды. Іске жедел уәкілдер кірісіп, жалған хабарлама авторын жедел анықтады. Қазір көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйел жерлестерінен кешірім сұрады.

Сондай-ақ Петропавлдың тұрғыны коронавируспен ауырған екі адам туралы және алдағы уақытта облыс орталығының карантинге жабылатыны жөнінде отбасылық чатқа хабарлама жіберген. Аурудан төнген қауіп пен қосымша шектеу шаралары туралы ескерту мақсатында топ қатысушылары бұл жалған ақпаратты таныстарына жіберген. Жедел уәкілдер жұртты дүрліктірген облыс орталығының тұрғынын тапты. Сондай-ақ, Мамлют ауданында полицейлер жергілікті пабликтерге мониторинг жүргізу кезінде аудан орталығында анықталған індет туралы жалған комментарий орналастырған ер адамды анықтады.

Полицейлердің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік көзделген. Егер бұл төтенше жағдай кезінде болса, онда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.

«Халық арасында дүрбелең туғызатын жалған ақпараттың таралуын анықтау және жолын кесу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Осындай фактілер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізу барысында анықталады. Облыс тұрғындарынан тәртіпті сақтауға, уәкілетті органдардың талаптарын орындауға, тыйым салынған және шектеу қойылған шараларды қолдануға, жалған хабарламаларды елемеуге және ресми ақпарат көздерін ғана басшылыққа алуға шақырамыз. Бұл пабликтердің әкімшілеріне де қатысты, олар да ақпарат орналастырған кезде сенімді мәліметтерге жүгінулері керек», - деді СҚО ПД басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.


Жоғары қарай