Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО оқушылары Түркістандағы киелі жерлердің виртуалды нұсқасын жасамақ

2021 жылдың 30 маусым 2021 11:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушылары ел Тәуелсіздігінің мерейтойына орай киелі жерлердің виртуалды нұсқасын жасап шықпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы NIS оқушылары «Туған елге тағзым» экспедициясына қатысып, Түркістан облысында болып келді. Сапардан алған әсерлері соншалық, енді олар киелі де, көркем жерлердің виртуалды нұсқасын жасамақ. Балалар жұмысты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастауды жоспарлап отыр. Кейін «Керуен сарайдың» «құрылысына» кіріспек. Оқушылар экспедиция барысында бірегей ғимараттың құрылысын, дизайнының ерекшеліктерін зерттеді. Енді «Minесraft» платформасында туристік нысанның тура көшірмесін жасайды.

«Пандемияға байланысты «Туған елге тағзым» жобасын ұйымдастыруда өзгешеліктер болды. Оқушылар алдымен желілік сайысқа қатысты. Айғаным қонысы, Ағынтай мен Қарасай батырлар кесенесі сынды музейлердің виртуалды дәл көшірмесін жасап, экспедициялық жұмыстарын ұсынды. Мен оқушыларға жетекшілік еттім. Азат Аңдамасов, Абинұр Асқар мен Данияр Рамазан есімді оқушылардан құралған топ жүлделі орынға ие болды. Осылайша киелі Түркістан жерінде саяхат жасауға мүмкіндік беретін жолдама бізге бұйырды», – дейді Петропавл қаласындағы NIS директоры, экспедициялық топ жетекшісі Данияр Уәлиев.

«Туған елге тағзым» экспедициясы аясында балалар киелі Түркістан жеріндегі Арыстан-Баб кесенесі, Керуен сарай, Домалақ ана, Гауһар ана мавзолейі, Отырар орталығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сынды көптеген нысандарды аралады. Шымкен қаласына сапар шекті.

«Түркістан сапарынан алған әсерім зор. Біз тарихи-мәдени нысандарды жай турист ретінде аралап қоймай, ғимараттардың ерекшелігіне мән бердік. Құрылысшы, архитектор ретінде қарауға тырыстық. Өйткені біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Жұмысқа кірісіп кеттік. Виртуалды әлемде бұл ғимараттардың әсемдігін барынша бейнелеуге күш саламыз. Бұл жұмысымызды ел Тәуелсіздігі мерейтойына арнаймыз», – дейді Азат Аңдамасов.

Жас зерттеушілер болашақта «Minесraft» платформасында өздері жасаған виртуалды музейлер мен тарихи орындардың санын арттыра түспек.


Жоғары қарай