Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-ның тұрақтандыру қорында 5 мыңға тоннаға жуық азық-түлік бар

2022 жылдың 29 қаңтар 2022 13:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрақтандыру қорындағы азық-түлік күннен-күнге өскен бағаға әсер ету үшін Петропавлдың барлық базарында және ірі сауда орындарында сатылып жатыр. Баға нарықтағыдан анағұрлым төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан төрт жыл бұрын Петропавлда 12 ай бойы өнімді бұзбай сақтауға мүмкіндік беретін көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Мақсат – әсіресе көктем уақытында өңірдегі көкөніс тапшылығын жойып, сырттан қымбат жеміс-жидектің әкелінуіне жол бермеу еді. Заманауи нысан бүгінде өз міндетін орындап жатыр. Көкөніс қоймасы, климаттық бес сақтау камерасымен жабдықталған. Әр камерада белгілі бір өнім түрі сақталады. Мамандардың айтуынша, ондағы бірегей микроклимат көкөністі ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.

«Мәселен екінші камерада қырыққабат сақталған, ондағы температура 0 градус. Сақтау технологиясы дұрыс болған жағдайда өнім мамыр айының соңына дейін бүлінбейді. Үшінші камерада картоп сақталған, мұнда +3 градус, яғни әрқайсысына жайлы орта қалыптастырамыз.

Апта сайын озондаймыз, ол жағымсыз иісті, микробтарды жою үшін атқарылады. Картоп болсын, қырыққабатты алсақ та ол демалады, қазір «қалың ұйқыда» болғанымен «демалып жатыр». Сондықтан газ бөледі, ал ол бүлінуге әкеледі.

Бұдан бөлек өнімді саудаға шығармас бұрын сұрыптаймыз. Сауда орындарына таза, сапалы өнім ғана жіберіледі», - дейді көкөніс қоймасының аға менеджері Максим Ванюшин.

СҚО-ның тұрақтандыру қорына алынған көкөніс осы қоймада сақталған.

«Биыл осы мақсатты 1300 тонна картоп, 250 тонна қырыққабат, 200 тонна сәбіз, 300 тонна пияз, 1500 тонна ұн, 680 тонна қант және 524 тонна сұйық май сатып алдық. Бұдан басқа күріш пен қарақұмық бар. Бұл өнімнің ішінде көкөністер мамандандырылған қоймада сақтаулы.

Өнім жергілікті тауар өндірушілерден төмен бағаға сатып алынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатуға арналған өзіміздің алты дүкеніміз бар, олар Петропавлдағы әр базарда және үлкен сауда орталықтарында орналасқан. Баға, әрине, нарықтағыдан арзан. Тұрақтандыру қорында өнім жеткілікті, күзде жаңа өнім сатып аламыз», - дейді «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов.

Тұрақтандыру қорының өніміне сұраныс жоғары, ол түсінікті де. Мәселен, картоптың келісі – 115 теңге, пияз, сәбіз, қырыққабат 95 теңге тұрады. Мұндай баға қала дүкендерінде жоқ.


Жоғары қарай