Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-ның Бас криминалисі қарақшыларды өздігімен ұстап, қылмысты ашты

2020 жылдың 11 маусым 2020 15:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы жанар-жағармай құю стансасына қарақшылық шабуыл жасағандарды өздігімен ұстап, қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы Соколовка елді мекені маңындағы жанар-жағармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл түнгі сағат 2.00 шамасында жасалған. Медициналық маска киген екі адам стансаға баса-көктеп кіріп, біреуі кассирге кеңселік пышақты сермеп, ақша талап еткен.




47 жастағы әйел қаскөйге барынша қарсылық көрсетіп, сытылып шыққан. Ол көрші тұрған газ құю стансасына қарай қашып, сол жерде полицияға хабарлаған. Қылмыскерлер тәртіп сақшылары келгенше кассадағы 270 мың теңгеден астам соманы қолды еткен.

Қылмысты ашу үшін облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері тартылды. Қарақшылық шабуыл жасау кезінде көзге түскен шетел көлігіндегі екі ер адам тексерілді. Алайда күдік расталмады.




Сағат 4:30 шамасында СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов ауыл маңындағы тасжолдың бойымен облыс орталығына қарай жаяу бет алған екі ер адамды байқап қалған. Полиция полковнигі күдік тудырғандарды ұстап, қарақшылық шабуылға қатыстылығын тексеру үшін оқиға орнына әкелді. Ұсталғандардың сөмкелерінен ұрланған ақша табылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. «Қарақшылық» бабы бойынша бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұсталғандардың екеуі де 1991 жылы туған. Қазір олар Қызылжар ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.





Жоғары қарай