Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО кәсіпкерлері өнімдерін экспорттау үшін биыл 1700-ге жуық сертификат алды

2021 жылдың 11 тамыз 2021 20:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы жыл басынан өңір бизнесмендеріне өнімдерінің шыққан жерін айқындайтын 1600 сертификат берді, оның 1400-і экспортерлерге арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тауардың шыққан жерін растайтын сертификат кедендік рәсімдеуден өткенде қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай құжаттарды 2015 жылдың наурызынан беріп келеді. Биыл өңір кәсіпкерлері 1674 сертификат алса, соның 1461-і экспортерлерге берілген. Жалпы палата мұндай сертификаттың бірнеше түрін береді.

«СТ-KZ сертификаты тауардың Қазақстанда жасалғанын ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатындардың барлығына қажет. Жыл басынан СТ-KZ үлгідегі құжат 213 рет берілген. Өзбекстан үшін СТ-1 формалы сертификат керек. А сертификаты Еуроодақ елдерінің кейбірінде өнім өндірушілерге жеңілдік береді. Сондай-ақ біздің бизнесмендерді ескерткім келеді, 1 мамырдан бастап бұл сертификатты Норвегия мен Швейцария қабылдамайды. Осы елдер үшін өнім өндірушілер REX-жүйесінде тіркеліп, тіркеу нөмірін алуы тиіс», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының маманы Анастасия Марченко.

Маманның айтуынша, тауарын экспортқа шығаратындарға берілетін сертификат өнім өндірушілерге кей жеңілдік беруі, мысалы, кеден салығын азайтып немесе одан мүлдем босатуы мүмкін. Ал кейбірі оның Қазақстанда жасалғандығын нақтылайды.

«Өнім өндірушілер мен тауарды жіберушілерден күнделікті өтініш қабылдаймыз. СТ-1 үлгідегі 502 сертификат солтүстікқазақстандық бизнесмендерге тауарларын Тәжікстанға, Ресейге, Беларусь Республикасына, Украина, Қырғызстан және Түркменстанға шығару үшін берілді. Өзбекстанға 293 сертификат толтырылды. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бұл елге негізінен бидай, кебек және бидай крахмалын жібереді. Қырғызстан мен Тәжікстанға және Ресейге бидай экспортталады. Ресей, сондай-ақ макарон өнімдерін, қатырылған жартылай фабрикаттарды, мұздатылған балықты, сүт өнімдерін, бидай глютенін, зығыр, рапс, сояны алады. Украинадан қарақұмыққа, бидай крахмалына, зығыр мен жасымыққа сұраныс бар. Иранға арпа, бидай, Ауғанстанға ұн, тауық жұмыртқасы, Қытайға бидай мен зығыр майы, Түркияға қатты бидай мен жасымық экспортталады», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.


Жоғары қарай