Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ға жыл соңына дейін Еуропадан 5 мың асыл тұқымды ірі қара жеткізілмек

2020 жылдың 22 шілде 2020 16:45

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде ет-сүт өндірісі артып, мал басы көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов брифинг өткізіп, мал шаруашылығына қатысты жарты жылдың қорытындысын шығарды.

Бүгінде облыста 478,5 мың қара мал, 603,3 мың қой-ешкі, 234,9 мың шошқа, 177,2 мың жылқы және 5,6 млн құс бар. Жарты жылдың ішінде ет өндірісі 8,5% артып, 38 мың тонна өнім өндірілді. Сүт өндірісінде де өсім бар, шамамен 5,4% артқан. Яғни жыл басынан 268,9 мың тонна сүт сауылған.

«Өңірде сауын сиырдың басын көбейту міндеті тұр. Қазір сүт өндірісімен айналысатын 870 шаруашылық бар. Оның 8-і заманауи сүт кешендері. Мемлекеттің қолдауы арқасында соңғы екі жылда қолданысқа берілді. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына орай тағы 5 ауданда заманауи 10 сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Онда 6 мыңға жуық мал болады», - дейді Ерболат Бекшенов.

Ауқымды жобаны жүзеге асыруға 14 млрд теңге қаржы бөлінген. Сүт фермалары іске қосылған жағдайда қосымша 30 мың тонна сүт өндіріліп, 200 жұмыс орны ашылады.

Қызылжар ауданында 1 мың басқа арналған ет өндіру фермасы, Айыртау, Ақжар және Уәлиханов аудандарында бордақылау алаңдары салынып жатыр. Жалпы, 23 мың басқа арналған. Ақжар ауданындағы шаруашылыққа тамыз айында 800 ірі қара мал Ирландиядан жеткізілмек.

«Қазіргі уақытта елімізде карантиндік шектеу шаралары енгізілген. Соған қарамастан асыл тұқымды малды шаруашылықтар Еуропадан, Германиядан әкеліп жатыр. Осыған дейін 966 сиыр әкелінді. Фермерлер керек малды қашықтан бейнебайланыс аррқылы таңдап алып, жеткізушілерге тапсырыс береді», - дейді басқарма басшысы.

Жалпы жыл соңына дейін СҚО-ға шетелден 5 мың асыл тұқымды қара мал жеткізілмек.


Жоғары қарай