Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ға жұмысқа келген дәрігерлерге 1,5 млн теңге көтермеақы беріледі

2020 жылдың 1 қазан 2020 13:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін өңірге жұмыс істеуге келген әр маманға жергілікті бюджеттен 1,5 млн теңге көтермеақы берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен облыстық мәслихаттың сессиясында өңірге жұмысқа келген барлық медициналық және фармацевтикалық мамандарға жергілікті бюджеттен 1,5 млн теңге - бір реттік төлем берілетін болды. Бұл жайында Facebook әлеуметтік желіcіндегі жеке парақшасында облыстық мәслихаттың депутаты, СҚО көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Юрий Белоног хабарлады.

«Бұрын 1,5 млн теңге ауылдық жерлерге баратын мамандарға ғана беріліп, тізімнен Петропавл және қала мәртебесі бар 4 аудан орталығы алынып тасталды. Ал олар келген мамандарға көтермеақыны өз бюджеттерінен және 200 АЕК мөлшерінен асырмай беретін. Бүгін бұл сәйкессіздік алынып тасталды. Нәтижесінде СҚО-ға дәрігерлерді тарту жұмыстары жеңілдей түспек», - деп жазды Юрий Белоног.

Жалпы биыл облыстық көпсалалы ауруханаға 9 жас дәрігер келді. Олар тар ауқымды мамандар: оториноларинголог, уролог, анестезиолог, акушер-гинеколог және тағы басқалары. Емдеу мекемесі өз бюджетінен әрқайсысына 1 млн теңгеден көтермеақы берді, жалға алынған баспананың пәтерақысын төлеп жатыр.

«Облыстық көпсалалы ауруханаға әлі де 20 дәрігер қажет. Соның ішінде перинаталдық орталыққа акушер-гинекологтар, реаниматологтар керек. Көтермеақы төленіп, жағдай жасалатын болса бұл мәселе бір жылдың ішінде шешіледі», - дейді бас дәрігер.

СҚО-ның емдеу мекемелеріне 2017 жылы 306 дәрігер жетпесе, өткен екі жылда 190 маманға қысқарды. Биыл өңірге тағы 110 жас маман келеді деп күтілуде.


Жоғары қарай