Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ға қайырымдылық көмек ретінде 4 жедел жәрдем көлігі жеткізілді

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 12:19

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының емдеу мекемелеріне COVID-19-дың екінші толқынымен күреске дайындық аясында қайырымдылық көмек ретінде қондырғылар мен жедел жәрдем көліктері жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың емдеу мекемелеріне Chevrolet Damas маркалі 4 жедел жәрдем көлігі жеткізілді. Бұдан бөлек 3 өкпені жасанды желдету аппаратын, 5 оттегі концентраторын және 50 пульсоксиметрді гуманитарлық көмек ретінде алды.

«Бұл көмек ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумы аясында жасалды. Ұлттық әл-ауқат қорының қайырымдылық тобының бірыңғай операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті қондырғыларды сатып алып, оларды бізге беріп жіберді», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

Мұндай қайырымдылық көмек еліміздің барлық облыстарына, сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалаларына көрсетілмек.

«Бұл іс-шара түрлі жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 инфекциясымен күресте біздің медицинамыздың дайындық деңгейін арттыру мақсатында қолға алынды. Осылайша ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға көмектеспекшіміз», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Меморандум аясында еліміздің емдеу мекемелеріне 100 жедел жәрдем көлігі, 1 мың оттегі концентраторы, 50 өкпені жасанды желдету аппараты және 1 мың пульсоксиметр жеткізілмек.

Жалпы сәуір айынан СҚО-ға АҚШ, БАӘ, Сербия, Қытай, Түркия, Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданынан, Жапония, Катар, Дубай, Ресей, Израиль, Грузия, Өзбекстан елдерінен және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде жеке қорғаныш костюмдері, медициналық маскалар, медициналық қондырғылар бар. Оның барлығы өңірдің емдеу мекемелеріне бөлініп берілді.


Жоғары қарай