Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

СҚО-да жыл басынан бері 1 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған

2020 жылдың 10 наурыз 2020 22:51

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 1134 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі көп жағдайда жол апатының тууына себеп болып жатады. Олар өз бастарын ғана қатерге тігіп қоймай, қалған жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді.

«Жаяу жүргіншілер көбіне ірі сауда орындарының жанында жол ережелерін бұзады. Петропавл қаласында ол учаскелер Астана, Интернационал, Абай көшелерінде, Орталық көтерме сауда базары, «Алтын арман» базары және «Тайга» сауда орталығы тұрған Жамбыл көшесінде орналасқан. Бұл жерлерде ағылған көлік, әрі жол шетінде тұрған машиналардан көру шектелген. Жолға атып шыққан жүргіншіні көлік жүргізушісі байқамай қалады. Байқаған күннің өзінде оны басып кетпеуі үшін басқа көлікке соғылуы мүмкін. Кейбір жүргіншілер бағдаршамның жасыл түсі жанбай жатып, жолдан өте бастайды. Енді бірі құлаққап киіп жүреді, олар көліктің ескерткен дыбысын естімей қалулары мүмкін», - дейді Петропавл ПБ патрульді полиция батальоны командирінің орынбасары Болат Жұмағазин.

Жыл басынан бері ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 615-бабы бойынша полицейлер 1134 хаттама толтырған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, басты міндет - жазалау емес, жол қозғалысына қатысушылардың өлімі мен жарақат алуына алып келетін жол-көлік апаттарының алдын алу.

Жалпы жылдың алғашқы екі айында облыс жолдарында 8 жүргінші жол апатынан зардап шеккен.


Жоғары қарай