Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жолдағы олқылықтар үшін 100-ден астам лауазымды тұлға жазаланды

2021 жылдың 12 қазан 2021 09:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан 7 мың шақырымнан астам автожолды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы – 9364 шақырым, онда 135 бағдаршам, 17825 жол белгісі орналасқан. Жол-көлік инфрақұрылымының дұрыс болуы – жол қауіпсіздігінің маңызды факторы. Сол себепті әкімшілік полиция қызметкерлері оны үнемі тексеріп отырады. Осындай тексеріс барысында жолдарда негізінен ой-шұңқырлар және кей белгілердің ескіргендігі анықталады.

Полицейлер оқу орындарының бірінің директорын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол мекеме алдына «кіруге тыйым салынады» белгісін және оның астына нормативтік актілерде көзделмеген «қызметтік көліктен басқа» жазуы бар тақтайшасын орынсыз орнатқаны үшін жазаланды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл жағдайда «қозғалысқа тыйым салынады» белгісін орнату керек, нәтижесінде ұйым қызметкерлері мен қызмет көрсететін көліктер кедергісіз кіруге мүмкіндік алады.




«Жыл басынан 908 тексеру жүргізіліп, 7 мың шақырымнан астам жол қамтылды. Нәтижесінде, 1802 олқылық анықталды. Мүдделі субъектілердің атына кемшіліктерді жою туралы 773 ұйғарым шығарылды. 122 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, апаттылықты азайту және жол қауіпсіздігін нығайту үшін жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша 212 ұсыныс әзірленді, олар жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Мысалы, жарық диодты белсенді жол белгілерінің жеткіліксіз саны көрсетілген. Бұл – жүргізушілердің назарын аударудың тиімді құралы. Қазіргі уақытта Петропавл жол желісінің жанданған 6 учаскесінде осындай белгілер орнатылып жатыр», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Жыл бойы әкімшілік полицияның ұйғарымы бойынша жалпы ауданы 127 мың шаршы метр шұңқыр жөнделді, 400 мың шаршы метрге жол белгісі салынды, 1400-ден астам жол белгілері орнатылды және ауыстырылды.


Жоғары қарай