Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жоғалған 50 жылқы екі аптадан кейін табылды

2021 жылдың 27 тамыз 2021 22:51

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үйірден жоғалған 50 жылқы екі аптадан кейін ит-құсқа жем болмай аман табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 тамызда Ақжар ауданында үйірден 50 жылқы жоғалған. Екі аптаға жуық жылқышы ұлымен бірге жоғалған малды өздігінен таппақ болып іздеген. Жоғалған жылқының ішінде ауыл тұрғындарының ғана емес, өз малы да болған.

24 тамызда ол аудандық полиция бөліміне көмекке жүгінген. Тәртіп сақшылары іздеу және жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Уақыт өтуіне байланысты із кесу мүмкін болмады. Кримналдық полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар төңіректі тексеріп, жергілікті тұрғындардан, басқа да бақташылардан жауап алды. Алайда жоғалған жылқыларды көрген-білген адам болмады.

«Жылқының қолды болуы болжамын да қарастырдық. Сондықтан бір мезілде «мал ұрысы» санаты бойынша есепте тұрған ауылдықтар тексерілді. Олардың саны Ақжар ауданында 23. Екі күннен кейін жылқылар орманнан табылды, олар жайылымнан шамамен 50 шақырымдай ұзап кеткен екен», - дейді ауданның полиция бөлімінің бастығы Еркін Махметов.




Барлық жылқы иелеріне аман-есен қайтарылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін бақташыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша хаттама толтырылды. Ол қарауындағы үйірді төртке бөлген. Осылайша малдың басым бөлігі еркін жайылымда бағылған, бұл мал ұрылары үшін қолайлы.

Жалпы жыл басынан Ақжар ауданында мал ұрлығының 2 фактісі тіркелді. Екі жағдайда да жануарлар жайылымнан ұрланған.

Полицейлер бос жайылған жануарлардың егінге зиян келтіретінін немесе жол-көлік оқиғаларына себепші болатынын естен шығармауды сұрайды. Биыл осыған байланысты 4273 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды. Иелері анықталғанға дейін 4005 түлік арнайы қораға қамалды.


Жоғары қарай