Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да волонтерлер ауыл балаларына компьютер үйретіп, ҰБТ-ға дайындайды

2020 жылдың 22 тамыз 2020 13:14

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Белсенді жастар» қоғамдық бірлестігі «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырып келеді. ҚазАқпарат тілшісі жобаның үйлестірушісі Елена Огарковамен сұхбаттасып, осы уақытқа дейін қандай жұмыс атқарылғанын және алдағы жоспарларын білді.

- «Birgemiz: Bilim» жобасының көздеген мақсаты не?

- Жалпыұлттық жоба халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын отбасылардың және өңір елді мекендерінде тұратын балаларды қамтиды. Мақсат – қала мен ауыл арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын азайту. Оқушыларға сапалы білім беру үшін волонтерлерді тартамыз. Облыстың 13 ауданын, мыңнан астам оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ағылшын тілін үйретіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға көмектесеміз, компьютерлік, құқықтық сауаттылығын арттырамыз. Бұл жұмысқа педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан негізінен 3-курс студенттерін, қалалық, ауылдық мектептердің ұстаздарын тартамыз.

- ҰБТ өтті. Жоба аясында мектеп түлектерімен жұмыс істедіңіздер. Нәтижесі қандай?

- Қала мен ауыл балаларының сынаққа дайындықтарын салыстыруға болмайды, ол бұрыннан белгілі. Аудан орталықтарының кейбірінде қосымша білім беру орталықтары жұмыс істесе, ауыл балаларында мұндай жағдай жасалмаған. Ал әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға репетитор жалдау мүмкін емес. Сондықтан бұл жобаның оларға көмегі зор. 56 академиялық сағат бөлінген. Мектеп түлектерін ҰБТ-ға әзірлеу үшін облыс мектептері мұғалімдерінің арасынан 39 волонтер шықты. Алдымен, балалардың білімін тексеріп, ҰБТ-ға кіретін пәндерден мамыр айында тестілеу өткіздік. Оған 11 ауданнан 288 оқушы қатысты. Осылайша түлектердің осал тұстарын анықтап, сонымен екі айға жуық жұмыс істедік. Ол үшін WhatsApp, ZOOM қолдандық, кей мектептерге барып, оқушылармен кездестік. Нәтижесінде жобаға қатысқан түлектердің 275-і тестілеуді жақсы тапсырды. Олардың орташа көрсеткіші 15% артты.




- «Birgemiz: Bilim» жобасына жалпы қанша волонтер тартылған, олар кімдер?

- «Birgemiz: Bilim» өңірде білім беру волонтерлігінің негізін қалады деп айтуға болады. Жалпы бұл жобаға 100 волонтер тұрақты түрде қатысады деп жоспарлап отырмыз. Олар, бұған дейін айтып өткенімдей, педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттер және облыс мектептерінің ұстаздары. Олар балалармен жұмысқа кіріспес бұрын дайындықтан өтеді. Вебинарлар ұйымдастырамыз, «Өрлеу» институты филиалының мамандары және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушылары кеңес береді. Ең қолайлы деген әдістемені таңдап аламыз. Қазір қоғамдық бірлестікте волонтерлер пулына адамдар қабылдап жатырмыз. Жобаға қатысқысы келетін педагогтар мен ұстаздар арнайы сауалнамадан өтеді. Сараптамалық кеңес үміткерлерді іріктеп алады. Ниет білдірушілер аз болмайды деп ойлаймын. Жоба аяқталысымен оларды бағалы сыйлықтармен марапаттаймыз.

- Карантиндік шектеулер жобаны жүзеге асыруға түзету енгізген болар. Бұл қиындықтан қалай шығып жатырсыздар?

- Әрине, карантинге байланысты жоспарға өзгеріс енгізуге тура келді. Біз сәуірден бастап қараша айына дейін балалармен жұмыс істейміз деп ойлағанбыз. Қазір мектептермен және жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуда аздаған қиындықтар бар. Соған қарамастан, біздің белсенділеріміз жұмысты бастап кетті. Олар ауыл мектептері оқушыларының арасында өткізуге сауалнама әзірлеп жатыр. Осы арқылы ҰБТ-ға енетін қандай пәндер бойынша балаларға көмек аса қажет екенін анықтамақ. Ал қазан-қараша айларында балаларды олимпиадаға дайындауды бастаймыз. Өйткені әдетте осы уақытта аудандық олимпиадалар басталады. Алға қойған мақсатымызға қиындықтарды еңсере отырып жетеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік тілеймін!


Жоғары қарай