Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да үйде жалғыз қалған 6 жасар бала өрттен көз жұмды

2021 жылдың 2 наурыз 2021 16:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте үш өрт тіркелді. Салдарынан 2 адам қаза тауып, екеуі күйік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Дмитрий Растихин брифингте өткен тәулікте өңір аумағында болған өрт жағдайлары туралы айтып берді.

1 наурыз күні сағат 19.00 шамасында Аққайың ауданы Новороссийское елдімекеніндегі екі пәтерлі баспананың біреуінен өрт шықты.

Өрт шыққан пәтер толық жанып кетіп, екіншісінің қабырғалары зақымданды.

Өрт сөндірушілер келгенше оқиға орнынан 6 жасар баланың денесі шығарылды.

Әке-шешесі жұмысқа кетіп, бүлдіршін үйде жалғыз болған екен.

Петропавлдағы Щорс, 84 мекенжайында да өрт шығып, жеке үйге айтарлықтай зақым келді.

Оқиға орнынан 1939 жылы туған адамның денесі табылды.

Ал 1998 жылы туған ер адамның қолдары күйіп, ауруханаға жеткізілді.

Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді.

Осы күні Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы Цветочная, 26 көшесіндегі жер үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, үйдің төбесі ортасына түсті.




Өрт шығып, 1974 жылы туған әйел күйік алды. Оның денесінің 28%-ын күйік шалған. Қазір жағдайы орташа.

«Жыл басынан бері СҚО-да 138 өрт болып, 22 адам қаза тапты. 29 адам түрлі дене жарақатын алды. 71 млн астам теңге материалдық шығын келген. Өрттердің 76%-ы жеке тұрғын үй секторында болған. Қаза тапқандардың барлығы - сол жеке үй тұрғындары. Өрт негізінен маскүнемдікке салынғандардың, жалғыз тұратындардың баспанасынан шығады. Сондай-ақ балаларды үйде жалғыз қалдырып кетудің арты қайғылы аяқталып жатады», - дейді Дмитрий Растихин.


Жоғары қарай