Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

СҚО-да төтенше жағдай режимін бұзған бар иесі 5 күнге қамауға алынды

2020 жылдың 21 наурыз 2020 18:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында арнайы топтар рейдке шығып, ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарында төтенше жағдай режиміне сай жұмыс істеу тәртібінің орындалуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, рейдке Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер және кәсіпкерлік бөлімінің мамандары шығады. Олар дәмхана, мейрамхана, барлар мен асханалардың, көңіл көтеру орындарының жұмысын тексереді.

19-20 наурыз күндері өткен осындай рейдтерде көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Облыста түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орталықтарының жұмысына шектеу қойылған. Алайда кейбір кәсіпкерлер төтенше жағдай кезіндегі тәртіпті елемейтін болып шықты. Олардың қатарында «Камелот», «Креветка», «Рафинатто», «Интер» дәмханаларының иелері бар. Әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген олар бірінші рет ескертілсе, кейін 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Процессуалдық шешімді Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік соты шығарады.

Шектеуге қарамастан облыс орталығындағы «№1 Боулинг орталығы», «Пивко» бар-дүкені, «Место встречи», «Причал», «Ахтамар», «Мария», «Русь», «Донер кебаб», «Барбарис», «Гранат» дәмханалары да жұмыс істеген. Анықталған деректер бойынша хаттамалар толтырылып, сотқа жіберу үшін материал жиналды.

Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік соты көңіл көтеру орындарының екі иесін жауапқа тартты. Дәмхана иесі 10 АЕК – 26 мың 500 теңге айыппұл төлесе, бар иесі, әйел адам 5 күнге әкімшілік қамауға алынды.

«Төтенше жағдай режимінің орындалуы бойынша рейдтер алдағы күндері жалғасын табады. Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған іс-шараға көптеген кәсіпкерлер түсіністік танытқан. Төтенше жағдай режимі кезіндегі ережелерді сақтау арқылы халық санитарлы-гигиеналық талаптарды және қажетті басқа да ұсыныстарды орындауға үйренеді», - деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.





Жоғары қарай