Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да тәулігіне 150 мың кірпіш шығаратын зауыт салынып жатыр

2020 жылдың 30 қараша 2020 05:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс материалдарына деген қажеттіліктің жоғары болуына байланысты тәулігіне 150 мың кірпіш шығаратын кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да салынып жатқан жаңа кірпіш зауыты өз өнімін келер жылы нарыққа шығармақ. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Келесі жылы өңірде Солтүстік Қазақстанда жасалған кірпіш үй құрылысында қолданылады. Жергілікті инвестор Қызылжар ауданы Подгорное елдімекенінде жаңа кірпіш зауытын салып жатыр. Жоба құны - 1,5 млрд теңге. Қондырғылар жеткізілді. Жаңа зауытта жаңадан 60 жұмыс орны ашылады», - деді өңір басшысы.

Өңірге 2021 жылы тұрғын үй құрылысына 67 млн кірпіш қажет болады. Салынып жатқан кәсіпорынның жылдық қуаты - 27 млн. Осылайша жергілікті зауыт өңірдегі кірпішке деген сұраныстың 40 % жабады.

«СҚО-да құрылыс қарқын алған. Қазір қиыршық тастан бастап, кірпішке дейін шеттен тасымалданады. Жеткізу қымбат. Бұл өз кезегінде құрылысқа әсер етіп, әр шаршы метрдің бағасы қымбаттап шыға келеді. Ендеше құрылыс материалдарын сырттан әкелмей, оны өзімізде шығаруға тырысуымыз қажет. Біздің кірпіш құрылыс компанияларына арзанға түспек. Біздің өңір коммерциялық үй салу үшін инвесторларға тартымды болады», - дейді Құмар Ақсақалов.

Жоғары қарай