Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да Ресеймен шекарадағы блокпостар әзірше алынбайды

2020 жылдың 1 маусым 2020 16:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 14 блокпост жұмыс істесе, бүгіннен бастап соның 11-і жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында орналасқан 14 блокпостта 250-ден астам тәртіп сақшысы, одан басқа медициналық және ветеринарлық қызметтің мамандары жұмыс істеді. Екі айға жуық уақыт бойы алдыңғы шепте тынбай қызмет атқарған полицейлер мен медицина қызметкерлерін Полиция департаментінің басшылығы құттықтады.





«Бүгін отбасыларыңызға оралып, ата-аналарыңызбен, бала-шағамен қауышасыздар. Сіздердің туған-туыстарыңызға ұдайы қолдау білдіріп, түсіністік танытқаны үшін алғысым шексіз. Ортақ күш-жігермен алдағы уақытта да ел азаматтарының қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін», - деді тәртіп сақшылары мен медиктерге алғыс хат тапсырған облыстың бас полицейі Марат Төлебаев.











Ресеймен шекаралас Мамлют, Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарында орналасқан үш блокпост шекара ашылғанға дейін жұмыстарын жалғастырады. Басқа бекеттердегі қызметкерлерді Полиция департаменті бастығының орынбасарлары мен аудандық бөліністердің бастықтары құттықтады. Айыртау ауданындағы Антоновка ауылына полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев барды. Ол барлық қызметкерлерге адал қызметтері үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.

Полицейлер мен медицина қызметкерлерінің айтуларынша, осы күнді әсіресе олардың туыстары асыға күткен. Мұның мәжбүрлі шара екенін барлығы жақсы түсінеді. Мамандар өз жұмысын абыроймен атқарып шықты және қойылған шектеулер жағдайды жақсартуға септігін тигізгеніне сенімді.

«Әрине, тұрғындарға да алғыс айтамыз. Түрлі жағдайлар болды, негізінен адамдар оңай емесін түсініп, бізге қолдау көрсетіп жатты», - дейді Айыртау ауданының аумағында қызмет атқаратын СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Асхат Бақытжанов.

Үйінде оны жары мен үш кішкентай бүлдіршіні тағатсыздана күтті, балалардың мерекесінде әкелерінің үйге оралуы олар үшін үлкен сый болды.





Жоғары қарай