Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да прокурорлар 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткішті тексерді

2021 жылдың 18 тамыз 2021 19:31

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы прокурорлармен бірге өңірдегі 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткішке мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның сегізінің республикалық маңызы бар. Биыл олардың екеуінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта Айыртау ауданындағы Сырымбет қонысында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қоршауы ауыстырылады және негізгі үй мен медресе күрделі жөнделеді. Қыркүйек айында жұмыстар аяқталады.

Петропавлдағы Брусиловский көшесіндегі 22-үйде орналасқан көне сауда ғимаратын кәсіпкер өз қаржысына күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Халық арасында «Колизей» деген атпен танымал көне ғимарат биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі. Алдымен бірінші қабаты іске қосылады», - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов.

Сондай-ақ Петропавлдағы Колхоз базарында орналасқан Мұратов диірмені де жаңа келбетке ие болады. Мұндағы жұмыстар келесі жылы аяқталмақ. Биыл тиісті құжаттарын әзірлеп, сыртқы қасбетімен айналысып жатыр.

«СҚО прокуратурасымен бірге біз тарихи-мәдени мұраны сақтауға арналған кешенді жоспар әзірледік. Осыған орай бүгінде ведомство мамандарымен ескерткіштерге мониторинг жүргізіп жатырмыз. Шілде айында облыстағы барлық ескерткіштерді аралап шықтық. Оның қорытындысы бойынша меншік иелеріне заң бұзушылықтарды жоюға 4 ұйғарым берілді. Яғни ескерткіштерді дұрыс күзетпеу, тәртіптің жоқтығына байланысты», - дейді Рахат Мәмбеталинов.

Жалпы СҚО-да 1 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның 599 мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енгізілген. Олардың 436-сы археологиялық болса, 162-сі архитектуралық нысандар. Петропавл қаласында ғана 100-ден астам ескерткіш бар. Олардың 30-дан астамы Тәуелсіздік жылдары бой көтерген. Бұдан басқа 33 нысан СҚО-ның сакралды картасына енген.


Жоғары қарай