Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да полицей қорғаныс құралдарының үлкен топтамасын жинаған

2021 жылдың 20 маусым 2021 09:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Эльдар Алимкин газтұмылдырықтар жинаумен айналысады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Эльдар Алимкин үйіндегі бір бөлмені азаматтық қорғаныс тарихына арнап, нағыз музейге айналдырған. Мұнда радиациялық қорғаныс құралдары, жауынгердің химиялық қорғаныс костюмінің жиынтығы, қорғанысқа қатысты әдебиеттерге дейін бар. Топтаманың негізгі бөлігін газтұмылдырықтар алады. Эльдар оның отыз шақты түрін жинаған екен.

«Мынау сөреде әскери газтұмылдырықтар тұр. ПМК-1 – ең бірінші шыққандары. КЗО-Т қайырмалы бас киімімен, яғни ол толық жабық болып, атом жарылысы кезінде жауынгердің мойынын қорғайды. Ол 1970 жылдан бастап шығарыла бастады», - дейді Эльдар Алимкин.




Эльдар газтұмылдырықтардың түрлері туралы қызыға айтады. Ұшқыштарға арналғаны теріден жасалған, ол ұзақ уақыт киюге ыңғайлы. Енді бірі ракеталық әскер жауынгерлеріне, үшіншісі азаматтық тұлғаларға арналған. Әр модельдің өз ерекшеліктері бар.





Жары Виктория жолдасының газтұмылдырықтарға деген қызығушылығын қолдайды. Тіпті үш жасар баласы да ерекше ойыншықтармен ойнағанды ұнатады. Полицейдің бұл әуестігін патриоттық тәрбиенің құралы ретінде жұмысында да құптайды. Әзірше үйдегі музейдің көрермендері - әріптестері мен жолдастары.

Интернетте азаматтық қорғаныс тарихымен әуестенетін бірлестіктер жетерлік. Эльдар өзі сияқтылармен байланыс орнатқан, нәтижесінде бір жылдай ғана уақыт ішінде өз коллекциясын жинап үлгерді.

Болашақта Эльдар топтамасын толықтырып қана қоймай, нағыз музей етіп жабдықталған жеке үй-жай ашуды көздейді. Оның пікірінше, мұндай жәдігерлер әскери оқу орындарының курсанттарына және әскери-патриоттық тақырыпқа қызығушылық танытантындарға қызықты.





Жоғары қарай