Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да мұғалімдердің жетіспеуіне қатысты мәселе толық шешілді

2020 жылдың 28 мамыр 2020 06:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үш жыл бұрын 800-ге жуық мұғалімнің орны бос тұрса, бүгінде кадр жетіспеушілігі мәселесі толық шешілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімдігінің отырысы өтіп, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жетекшілігімен оқу жылының аяқталуы және Бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық барысы пысықталды.

Қашықтан оқуға көшу мұғалімдерге, оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да айтарлықтай сын болды. Көпшілігі онлайн оқуға дайын болмай шықты. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қажетті техникамен қамту үшін 580 компьютер алынып, таратылды.

Өңірде мұғалімдердің тапшылығы мәселесі де толық шешілді. 3 жыл бұрын облыста 737 мұғалім жетіспесе, қазір бос орын мүлдем қалмаған.

Мектептердің жағдайы да біртіндеп жақсарып келеді. Былтыр 142 білім беру мекемесі жөнделді. Сыныптарда жайлы температура болуы үшін ғимараттардың жылыту жүйесіне басымдық берілді. Нәтижесінде ауырып сабақ қалдыру 41% төмендеді. Биыл мектептерді жаңғырту жұмысы жалғасады. Осы мақсатқа 5 млрд теңге бөлінген.

2017 жылы 1390 түлек қазақстандық жоғары оқу орындарына түссе, былтыр олардың саны 2 мыңға жуықтады. Жергілікті университетке оқуға түсетіндердің саны 30% артты.

Жиында өңір басшысы ҰБТ дайындық барысын да пысықтады. Құмар Ақсақалов тестілеу кезінде түлектерге қысым көрсетпеуді, әр жауапты қызметке міндетін дұрыс атқаруды тапсырды.

«ҰБТ кезінде балалардың жағдайына мән беру керек. Күйзеліс тудыратын жағдай, кіреберістегі тексеріс түлектерге кері әсер етіп, тест нәтижесіне ықпал етуі мүмкін. Сол себепті емтихан барысында қауіпсіздік және басқа да тиісті шараларды байқап жүргізу қажет», - деді Құмар Ақсақалов.


Жоғары қарай