Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да Мамлютка қаласының әкімін сайлауға 4 учаскеде дауыс беріліп жатыр

2021 жылдың 25 шілде 2021 13:59

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 70 ауылдық округ пен 1 аудандық маңызы бар қала әкімін сайлап жатыр. Мамлютка қаласы әкіміне 3 кандидат бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамлютка қаласындағы №324 сайлау учаскесінде 1610 адам бүгін өз таңдауын жасайды. Жалпы қала әкімін таңдау үшін 4 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, әрқайсысында санитариялық талаптар сақталған. Яғни кіреберісте сайлаушылардың дене қызуы өлшенеді, маска тағып кіруі міндеттеліп, өздерімен бірге әкелмегендерге маска мен қолғап үлестіріліп жатыр.




Мамлютка қаласының тұрғыны Кристина Нажмутдинова сайлауға алғаш рет қатысып отыр. Ол биыл қаңтарда 18 жасқа толды. Бұл учаскеде Кристина секілді тағы бес адам алғаш рет өз таңдауын жасамақ.

«Мен Мамлютка қаласының тұрғынымын, осында туып, өстім. Бүгін сайлауға дауысымды беруге отбасыммен бірге келдім. Бұл науқанның маңыздылығын жақсы түсінемін. Бүгінгі таңдауымыз арқылы біз болашағымызды айқындаймыз. Біздің тұрмысымыз тікелей олардың жұмысына байланысты ғой. Жақсы жағдай жасалуы үшін сол жұмысты атқаратын әкімді сайлаймыз. Ал бұл үлкен жауапкершілік. Кім жеңсе де халыққа берген уәделерін ұмытпай, орындаса екен», - дейді Кристина Нажмутдинова.




Мамлютка қаласы әкімінен үміткерлердің біреуі - «Нұр-Отан» партиясынан, қалған екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Жалпы, Мамлют ауданында 3 ауылдық округ әкімі және бір қала әкімі сайланады. Ауданда барлығы 10 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

«Сайлаушылардың ең көбі яғни 5 366 адам Мамлютка қаласында. Әкім болудан 12 адам үміткер. Соның 4-і «Нұр Отан» партиясынан және 8-і өзін-өзі ұсынғандар», - дейді Мамлют ауданы сайлау комиссиясының төрағасы Данголе Могунова.

Екатерина Мустафина мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Ол Мамлюткада 20 жылға жуық тұрып келеді. Қаланың проблемалары оған жақсы таныс.

«Қала әкімін өзімізге сайлауға мүмкіндік бергені дұрыс шешім. Өйткені әкімдер халық үшін жұмыс істейді ғой. Жалпы қаламыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Сонда да әлі де шешілуі тиіс мәселелер баршылық. Мәселен кей көшелерде жолдың сапасы нашар, су мәселесі толық шешілсе екен», - дейді Екатерина Мустафина.

Ал өздігінен жүре алмайтындарға, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтындарға дауыс беру жәшігі апарылады. Мамлют ауданы бойынша осындай 154, ал қалада 116 адам бар екен.








Жоғары қарай