Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да мал ұрлаған екеу мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды

2020 жылдың 16 шілде 2020 04:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі жігіт кәсіпкердің қорасына түсіп, екі бұзау ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрлық 7 шілде күні Жамбыл ауданында болған. Мал өсірумен айналысатын кәсіпкер қоршау ішінде тұрған екі бұзауын орнынан таппай, полиция бөліміне арызданады. Келген шығын сомасы - 120 мың теңге. Бұл дерек «Мал ұрлау» бойынша тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдікті анықталды. Олар 28 және 25 жастағы Шал ақын ауданының тұрғындары болып шықты. 1992 жылғы жігіт бұрын сотталған. 11 шілдеге қараған түні екеуін тоқтатқан полицейлер олардың көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады.

Қазіргі уақытта күдіктілер Жамбыл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында рөлге мас болып отырғаны үшін әкімшілік қамауда отыр. Олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тәртіп сақшылары Шал ақын ауданындағы әріптестерімен бірлесе жүргізген жұмыс барысында күдіктілердің жуырда Бірлік ауылында қорадан бұзау ұрлағанын анықтады. Бұл жолы да ұрланған мал сатылған болып шықты.

«Малдың қайдан келгенін сұрамай сатып алғандар ұрланған малды иесіне қайтарады. Бұл - биыл Жамбыл ауданында тіркелген алғашқы мал ұрлығы. Мал ұрлығының саны әлдеқайда азайды. Өйткені қазір мал бос жүрмей, бағылады. Аудандағы кәсіпкерлердің басым бөлігі аумақтарын бейнебақылау камерасымен жабдықтаған. Зардап шеккен шаруа қожалығының иесі өз малын ұрылардан сақтау үшін қазіргі уақытта бейнекамера орнатып жатыр», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов.

Жыл басынан бері өңірде 14 мал ұрлығы тіркелді. Бұл өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 65,9 %-ға төмен. Бүгінде алтауы ашылды. 10 бас мал иелеріне қайтарылды.

Жоғары қарай