Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да құс тұмауынан қырылған үй жануарлары үшін өтемақы төленеді – АШМ

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 15:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беру кезінде хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы құс тұмауынан өлген үй құстарының иелеріне келген шығын құнын орташа айлық нарықтық баға негізінде төлейді. Бағаны Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы арнайы комиссия анықтайды», - деп хабарлады вице-министр.

Өтемақы алу үшін мал иелері өтініш беруі керек. Ақшалай қаражат картаға аударылады. Бұл ретте зардап шеккен жануарлардың өлексесіне комиссиялық акті жасалып, ресми түрде тіркелуі қажет.





«Өлген құстың әр иесі заңмен белгіленген өтемақыны алуы үшін біз бірінші күннен бастап құстардың өлімін және өлекселерді жою актілерін тіркей бастадық», - деп толықтырды Гүлмира Исаева.

Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында ағымдағы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. Қазір өңірде жоғары патогенді құс тұмауының таралуына қарсы шаралар қабылдануда: вакциналар жеткізілді, індет анықталған аумақтар залалсыздандырылды, өлген құстар жойылуда.

Сонымен қатар, бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығарыуға уақытша шектеулер енгізілді.

ҚР АШМ ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің мәліметінше, ауру Солтүстік Қазақстан облысының аумағына жабайы қоныс аударатын құстардан тараған деген болжам жасап отыр. Толығырақ ақпарат мына сілтемеде.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошағы анықталғанын, құс тұмауының белең алуына байланысты 10 елдімекеннің карантинге жабылғанын айтқан едік.

Осыған байланысты СҚО-да үй құстарына құс тұмауына қарсы вакцина егілетін болды.


Жоғары қарай