Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да құс фабрикалары жұмыртқа бағасын өзара келісіммен көтерген

2021 жылдың 13 сәуір 2021 10:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төрт құс фабрикасының өзара сөз байласу арқылы бір уақытта жұмыртқа бағасын көтеріп отырғандығы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Наталья Шаяхметованың айтуынша, баға мониторингі және СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хаты аясында жұмыртқа бағасы тексеріліп, нарыққа талдау жүргізілді. Нәтижесінде облыстағы жұмыртқа өндіретін 4 құс фабрикасының келісілген бәсекелестікке қарсы әрекеттері анықталды.

«Өткен жылдың қараша айы мен биылғы қаңтар айындағы аралықты алдық. Алайда, жұмыртқа бағасы наурыз айында да қымбаттады. Олар келісім бойынша бір уақытта жұмыртқаның бағасын өсіріп жіберген. Осыған байланысты департамент бұл кәсіпорындарға ескерту хат жіберді. Оның нәтижесі бойынша құс фабрикалары бізге жұмыртқаның көтерме бағасын түсіргендіктері жайында жауап берді. Яғни 1 санаттағы жұмыртқаның бағасын 5-10 теңге аралығында түсірген. Олар «Якорь», «Есіл», «Адель құс» және «Алекри» құс фабрикалары», - дейді Наталья Шаяхметова.

Бірінші санаттағы әлеуметтік жұмыртқаның қазір көтерме бағасы - 370 теңге.

«Субъектілер біздің ескертуімізге құлақ асып, бағаны төмендететін болса, істі әрі қарай тергеу туралы бұйрық шығарылмайды. Егер де олар ескертілгеннен кейін 30 күн ішінде шара қолданбаса, онда монополияға қарсы орган тергеу жүргізуге бұйрық шығарады. Тергеудің нәтижесі бойынша әкімшілік жауапқа тартылады», - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Наталья Шаяхметова.


Жоғары қарай