Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да күннің суытуына байланысты полицейлер көктайғақ болатынын ескертті

2021 жылдың 21 қазан 2021 13:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы үш тәулікте күн суытпақ, «112» қызметі көктайғақ қатері туралы ескерту хабарламасын таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК-ның үш күнге жасаған ауа райы болжамы бойынша, СҚО-да бүгіннен бастап күн суытады. 22 қазанға қараған түні сынап бағанасы 0-ден түсіп, ауа температурасы -3 градусты көрсетпек. Қар, қар аралас жаңбыр жауады деп болжанған. Ал ертең күндіз ауа райы +2 мен +4 градус жылылықты көрсетіп, жауын-шашын болмақ. Күннің бұзылатындығы жөнінде «112» қызметі де ескертіп, көктайғақ қатері туралы ескерту sms-хабарландырулар жіберді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс полицейлері көлік жүргізушілерді ескертіп жатыр. Солтүстік Қазақстанның құбылмалы климаттық жағдайында күн райы болжамын назардан тыс қалдырмаған жөн.

«Күн суытқан жағдайда көктайғақ болуы ықтимал. Сондықтан көлік доңғалағын уақытында қысқысына ауыстырған жөн. Бұл апаттардың алдын алуға ықпал етеді. Бұдан басқа қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, алда келе жатқан көлікпен ара қашықтықты ұлғайту да жол-көлік оқиғаларының туындауына жол бермейді», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Тәртіп сақшысының айтуынша, жолда жүру ережелерін қатаң сақтап, жағдайды қырағылықпен бақылап отыру керек. Ал жолдардағы жағдай өзгеріп, көктайғақ туындағанда оны еселей түскен жөн.

«Бұл талаптар жүргіншілерге де қатысты. Сақтансаң сақтайды. Жолдың үстін мұз басқанда көліктердің тоқтауы қиындай түседі. Жүргіншілер өткеліне шықпас бұрын жан-жағыңызға қарап, сізді өткізіп жатқанына көз жеткізіңіз. Ересектер балаларымен әңгімелесіп, тағы бір мәрте жолда жүру ережелерін қайталағандары жөн», - дейді Александр Розбах.


Жоғары қарай